Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

3-ші Қара пайым-сөз: Қалай, таксист бауырым, әлі де президент болғың келе ме?!

Қазіргі уақытта еңбектеген баладан, еңкейген кәріге шейін іші-бауырына кіріп сөйлесе қалсаң, мен Президент болсам өйтер едім, бүйтер едім деп әңгіме айта бастайды. Тіпті көлігіне міне қалсаң таксист те саясатты қардай боратады. Мен оларды үндемей тыңдап, амалсыз күрсінемін. Себебі олар өздерінің не сандырақтап отырғанын білмейді. Президент болсам ойыма келгенімді істеймін, ішіп-жеймін, байимын, елді тік тұрғызып қойып, ойыма келгенді жасаймын, дұшпандарымнан кек аламын және т.т. деп ойлайды. Бірақ ақиқатында бізді қадағалап отырған дұшпан көз «обкомдар» жетіп артылады. Мысалы, Алла саусағын шырт еткізді, ғажайып оқиға болды, сіз таксиді тастап президент болдыңыз делік. Туған-туысқандарыңыз да, сіз де алақандарыңызды ысқылап «ааа, құдай берді» деп ішіп-жеуге дайындала бастайсыз. Сол кезде сізді Ресей «обкомы» шақырып жатыр деген суыт хабар келеді. Сіз ойлайсыз, мені Орыс патшасы құттықтап, сый-сияпат беретін шығар деп. Ия, атаңның басы, дәмесінің зорын. Ол сізді отырғызып қояды да, орыстың аюындай ақырып, үстіңнен төне қарап «сен смотри казах, ананы өйтпе, мынаны бүйтпе» деп нұсқаулар бере бастайды. Қуығыңыз нашар болса, Орыс патшасының сығырайған зәрлі көзінен қорыққаныңыздан бұтыңызға «кішт» қылып жібересіз. Содан елге түнеріп келесіз. Сізді енді Қытай «обкомы» шақырады. Амал жоқ барасыз. Ол әбжыландай ысылдап «сен ана Орыс патшасын тыңдама, мені тыңда, әйтпесе еліңді тірідей өртеп жіберемін, күліңді де таппай қаласың» деп зіркілдеп, әскери күшін жайып көрсетеді. Көзің бақырайып, не істеріңді білмей, ауа жетпей қысылып, асқазаның нашар болса бұтыңа «пытырлатып» қоясың. Елге түнеріп емес, түңіліп әзер жетесіз. Әдетте аса мәртебелі АҚШ «обкомы» сізді шақырмайды, өйткені олар бізді «абориген» ел деп санайды. Сол себепті әдетте бізге мемлекеттік хатшыларын ғана жібереді. Ол зыпылдап отырып, «Қытайдан да, Ресейден де қорықпа, бізден қорық, бізге табынатын бол, о кэй, казаахх, ұқтың ба?» деп берген ақшаларын, көмектерін бұлдап «косякка» тығып жібереді. Ең соңынан ернін жыбырлатып еуропа елдерінен, туыстас түркиядан келеді, жай келмей «гардашым» деп бұлданып келеді. Олардың не айталы отырғанын не біле алмай, не түсіне алмай, жүйкеңіз жұқарады. Олардан кейін, ізін суытпай отандық олигархтар, ақша көксеген туыстар, қысқасы бәрі-бәрі келіп, бәтеңкелерін едендегі жаймаға емес, сіздің үстіңіздегі әдемі костюміңізге сүртіп кетеді. Олардың бәрі кеткесін айнаға қарағаныңызда, қолаң қара шашыңыздың бір уысы аппақ болып кеткенін көресіз. Біраз жыл өткен соң айнаға тағы қарағаныңызда, аппақ шашыңыз селдіреп, қолыңыз қалтырап, шал болып қалғаныңызды көресіз. Бүйтіп президент болғаны құрысын, кетемін деп ойлайсыз. Бірақ сізді анталаған «обкомдар» қызметтен босатпайды. Отырасың дейді, амал жоқ, ел-жұртыңды сатып, солардың ыңғайына жығып беріп, іштен қан құсып жылап отырасың. Бірақ қолыңнан ешнәрсе келмейді. Баяғы таксист болған алаңсыз күндеріңді аңсайсың. Біліп жүр таксист бауырым, билік биік шың, ең жоғарысына өрмелеп шыққан соң, өлгенше қайтып түсе алмайсың. Шыңның басында қойны-қонышыңнан ызғар өтіп, өмірің өксумен өтіп, ақыры сүйегің сол шың басында қарға-құзғынға жем болып шашылып қалады. Қалай, таксист бауырым, әлі де президент болғың келе ме?!