Қоқсып көбейіп кеткен ескі қағаздарымды кеше-бүгін бір жәшікке жинап, лақтырайын деп қоқыс жәшігіне апара жатсам, бет жағындағы бір парақ жерге сусып түсіп қалды. Жерден көтеріп алып, әлгі қағаз жәшікке қайта салайын деп жатқанда, сия қаламмен жазылған қолжазбаға көзім түсіп кетіп, оқи бастадым. Сөйтсем сонау 1994 жылы «Мастер и Маргаританы» жазған Булгаковқа еліктеп жазған шимай-шатпақ шығармамның кіріспесі екен: «Тамыздың бір тымырсық күнінде, Тараздағы тас төселген тұйық көшенің бір қалтарысындағы ұзын ағаш орындықта, көлеңкеде желпініп Ібіліс отырды. Бір кезде оның қасына ыстық апаптан әбіржіп кеткен Жылқышының баласы келіп жайғасты. Екеуі әуелде бір-біріне қарап жайына отырғанмен, әңгімені бірінші болып қара қазақтың баласы «Ойпырым-ай, мына күннің антұрған Ібіліс барып түсетін тозақтай қайнап тұрғанын қарашы» деп бір қойды. Сөйтіп еді жанында отырған шапан киген шал жас жігітке «Ібіліс саған не жамандық жасады, жайыңа отырмайсың ба?» деді. Оны құлағына ілген жігіт болмады, керісінше өршеленіп, ауыл молдасынан естіген Ібіліс туралы аңыз әңгімелерді судыратып айта бастады. Шыдай алмаған шал, «сенген молдаң түкті де білмейді екен, Ібіліс те Алланың періштесі, тым болмаса құрмет білдіріп сөйлеп отыр, балам» деп екінші ескерту жасады. Әлгі жігіттің көзі ақиланып: «Ібіліс ... періште, оттаған екенсің шал, ол нағыз жалмауыз ғой» дей бергенде, қайдан келгені белгісіз, жігіттің арғы жағына шапаны шұрқ тесік, келбеті келіспеген бір қара шал келіп жайғасты. Ол – Шайтан еді. Екі шал жігітке байқайтпай көздерін қысып қойып, «ойпырым-ай, мынау біз естімеген әңгіме екен» деп ынта танытқандай жігітті екі жағынан тықсырып, жақындай түсті. Бір кезде жігітке ауа жетпей қалғандай қысыла бастады». Жазбамның жалғасы жоқ екен... Булгаков сол романында «қолжазбалар өртенбейді» деп жазады. «Қолжазбалар өртенбесе өртенбейтін шығар, бірақ қоқыс жәшігінде шашылып жатады» дедім де, әлгі ескі парақты умаждап үлкен қоқыс жәшігіне лақтырып жібердім...
2-ші Қара пайым-сөз: Қолжазбамды қоқысқа лақтырып жібердім
18 июля 202018 июл 2020
1
1 мин