Мен негізі Ресейдің Қазақстан туралы жазған БАҚ-на сене бермеймін. Сонан соң оларды көп оқымаймын. Бірақ кеше ресейдің «Новая газетасының» Қазақстан мен Қырғызстандағы «Тәжі-дерт» (Короновирус-COVID-19)* жөнінде жазған «Разрыв» деген мақаласын оқыдым. Ия, елде жағдай ауыр, ол күннен күнге ушығып барады. Сол мақалада қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін, былай деп жазылыпты: «В свою очередь, минздрав (Казахстана – авт.) заявил, что в отечественных СМИ нужно снизить количество негативных публикаций о COVID-19 до показателя 10% от общего количества материалов». Егер деймін де Алексей мырза (А.Цой – Министр здравоохранения), «Тәжі-дерт туралы жазбай қойсақ, ол өз-өзінен жоғалып кетеді» дегенге Сіз кепілдік берсеңіз, мен ол туралы айтуды бір сәтте доғарар едім. Аңғал қазақтардың көпшілігі көшеде әлі маскасыз жүр, «маска киіп ал бауырым» десең басың бәлеге қалады. Халықты шошындырып, мына індет ешкімді де аямайтынын түсіндіру үшін Италиядағыдай (олар да алғашқыда сенбеген) бүкіл Қазақстаннан шығатын газеттердің бәріне, басынан аяғына дейін, 4-8 бетке түгелдей індеттен өлген адамдардың некрологиясын жариялайтын уақыт келді. Қазір күллі әлем алдында ұят болады деп «саяси беделді» емес, елді сақтап қалуды ойлау керек шенеунік мырзалар. Қайран қазағым біз үшін сын сағаты туды және ол секунд, минут санап бізге қарсы жұмыс жасап жатыр...
* Қазақ жаман ауруды «құтырып кетеді» деп атын атауға тыйым (ғылыми тілде – «табу») салғасын, оны «Тәжі-дерт» (Короновирус-COVID-19) деп атап жүрмін.