Бала-шағамды нағашыларына барып келсін деп әйеліммен бірге Атырауға аттандырғалы бір ай болып қалды. Қайын атам – «Тәжі-дертпен» ауырып қалыпты. Немерелерінің еліне келгенін естісе, бәлкім ол кісі тәуір болып кетер деген ойым да бар. Әрине перзенттерімнің әлемнің ең мықты деген иіс суынан да тәтті, мұрын жаратын қышқылтым тер сіңген иістерін, алма беттерін өзім де сағындым. Бірақ жігіттің бір жұрты – нағашы жұрты, барсын-көрсін, аунап-қунап келсін. Оның үстіне енем оқымысты, бірақ адуынды адайдың қызы, қысқасы барғаннан төрт перзентіме зиян келмесі анық. Осы бір ай бойы марқұм Манаттан туған үлкен ұлым Әли мен тұрмыстағы қызым Тұрсын екеуі кезектесіп, күн аралатпай үйге қал-жағдайымды сұрап келіп тұрса, келінім мен күйеу балам тәтті-дәмді тағамдарын көтеріп келіп тұрса, көңілің жадырайды екен. Олар кеткен соң ойланамын да, отырып алып. Егер осы тұла бойы тұңғыштарым әлі дүниеге келмей тұрып, денемдегі бүкіл нәпсімді тыйып, жаман әдеттерден арылмағанда, бүгінгі қуаныштың бірі де болмас еді деп. Екі перзентімді де Алланың ақ жолын танып өсуге, біреудің ала жібін аттамауға, біреуді бекерге ренжітіп-жасытпауға ұзақ тәрбиеледім. Ол айтуға оңай, жүз алманың жас көшетін баптап өсіру одан әлдеқайда оңайырақ. Енді міне сол тәрбиемнің жемісін жеп отырмын... Бірде ауылға барсам, ақсақал болған бір көкем: «Кейінгі жас балдарға ақылыңды айтшы, мені сыйламайды» деп шағым айтты. Мен ойланып отырып: «Көке, ренжімеңіз, сіз өзіңізге абырой жинайтын жас кезіңізде – арақ ішіп, аузыңызға келгенді оттап, босқа лағып, мұңсыз-қамсыз жүрдіңіз. Енді сақалаңыз ағарғанда, мені құрметте дейсіз. Жастар сізді тым болмаса тырнақтың ұшындай «үлгі-өнеге көрсетпегеніңіз үшін» құрметтеуі керек пе? – деп ауыр айтып салдым. Көкеміз қарсы уәж айта алмай жер шұқып отырып қалды. Ия, мен сондай қатыгезбін кейде «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтамын да, қасқиып қарап тұрамын (осы мінезім еуропалықтарды таң қалдырады, қалай қорықпайсың деп). Артынан сол көкеміз ауырып, қайтыс болып кетті. Бата жасап бардым, бірақ өлмей тұрып, ол кісінің көзіне қарап тұрып, бар шындықты айтқаныма өкінбеймін. Бұл сөз сіздерге де сабақ болсын. Абыройды қартаймай тұрып, жас кезіңізден бастап жинай бастаңыз. Өмірдің бұл «бонусы» бекерге кетпейді, түбінде жемісін береді...
37-ші Қара пайым-сөз: Абыройды қартаймай тұрып, жас кезіңізден бастап жинаңыз
26 июля 202026 июл 2020
1 мин