Соңғы уақытта өмірдің барлық саласында «креативный» деген сөзді жаппай қолдану «модаға» айналып кетті. Бағзы біреулер бұл сөзді «жаңа сөз» деп ойлайды. Бірақ олай емес. Қазақтың «шығармашылық», орыстың «творчество» деген сөздері ағылшын тіліне «creativity» деп аударылады. Бар болғаны сол. Бірақ мына дүрбелең дүние мен өзекті өртеген өмірге «шығармашылық-креативті» көзқараспен қарайтын адамдар расында саусақпен санарлық. Анау қазақтың қара күпісін киіп алып, «Facebook»-та үндемей отыратын – Светқали Нұржанов (лақап аты «Айт-Ман Нұржан») деген ақын, қазақтың сондай креативті ақындарының біреуі. Оның қоймасында тең-тең тың ойлар жатыр, бірақ еліміздің бит қаптаған биржасында «өлең» деген ғаламат тауардың құны құлдырап кеткендіктен, тауарымның әйтеуір бір бағасы көтерілер деп аңысын аңдып отырған жайы бар. Креативті адамдарды – қоғам, халық жақсы көргенмен, ол ел басындағы басшылар үшін жеккөрінішті адамдар. Өйткені шығармашылдар «креативті» ойын дүрс еткізіп қойып кеп қалғанда, қоғам дүрлігіп кетеді. Бірақ адамзат қоғамын алға жылжытып, адамдарға ой салып, ойландырып отыратын осы «шығармашыл-креативті» адамдар. Біреу айтады өткенде, «сіз креативті адам екенсіз» деп. Мен шығармашылықтан ауылы алыс, әншейін бір түйе шекпен киген қара қазақпын. Анда-санда, осылай шынжырдан босанған төбет сияқты, сілкініп-сілкініп аламын да, ит сияқты тойған жағыма қарай кете беремін. Идеялар үшін күреспеймін, өйткені ол қантөгіске апарып соғады, адам өлімі болады. Оның бәрі періштелер «киіз кітабыңды» көтеріп, лаухулмахфузға кіргенде, ахиретте алдыңнан шығады қылыштай жалаңдап. Оппозиция құрып «билікке қарсымыз» деп дабырлап жүргендер білсе ғой не істеп жүргендерін...
36-шы Қара пайым-сөз: Шығармашыл жандар – қоғамның шығырын айналдырып тұрғандар
26 июля 202026 июл 2020
1 мин