«Удаленка» (Онлайн)-да жұмыс жасап жүрсем де, кеше бастықтар жұмысқа шақырған соң барған едім. Кеңседе кездескен, көптен көріспеген Қарлығаш әпкем: «Әй, Қалдархан, анау «Facebook»-қа жазғандарыңды оқып үлгере алмай жатырмын» деп жымиды. Бұл сөздің арғы жағында «Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай Төлегенмен сөйлесіп отырғанда, Бекежан әңгімеге киліге берген соң: «Түу, Бекежан мырза-ай, мазаны ала бердің ғой» деп қабағын шытқандай әзіл-шыны аралас зіл жатқандай болып сезілді. Көп сөйлей берсе, көбікке айналып сөздің мәнісі кетеді. Көп жаза берсе де солай болады екен-ау деп ойланып қалдым. Мына ағылшын жұртының ішінде бір-екі ғұламасымен көптен бері таныспын. Олар көп сөйлегенді ұнатпайды, есесіне жазуға келгенде «төпелетеді», тек оқып үлгере алмай отырасың. Шамасы, біз қазақ халқы, жазба мәдениеті қалыптаспаған халық болғандықтан, көп жазғаннан көрі, көп сөйлегенді ұнататын халық болсақ керек. Ал негізінде, қазіргі электрондық ақпараттық дәуірде көп сөйлегеннен, көп жазған дұрыс деп ойлаймын. Әйтеуір интернетке бірдеме жазсаң сақталып қалады. Осы уақытқа дейін мәдениеті бар ел екенімізді дәлелдей алмай «абориген» (бұратана) ел атануымыздың себебі, осы көне жазбаларымыздың тарихта сақталмағандығынан болып отыр емес пе?! Ата-бабаларымыз күшті, шешен сөйлеген, бірақ ешкім жазып алмағандықтан, сол сөйлеген сөздер айтылған жерінде қалып қалған. «Қайран сөздер, қалды айтылған жерінде, ұлағат боп естімейтін ешкімге» демекші, сіздер ренжімеңіздер, мен жаза берейін, қызықсаңыздар оқырсыздар, оқымасаңыздар әйтеуір интернетте «ойпырым-ай, қазақтар да жаза алады екен-ау» деген дақпырты қалады ғой...
44-ші Қара пайым-сөз: «Түу, Бекежан мырза-ай, мазаны ала бердің ғой» деп ренжімеңіздер...
28 июля 202028 июл 2020
1 мин