Найти тему

Аңызға айналған абыз

Ұлт мұраты үшін ұлағатты із қалдырған ұлы тұлғалар қазақта аз емес. Біртуар ғалым, этнограф, жазушы-журналист Ақселеу Сейдімбек – Арқада туып, алаштың абызына айналған жан. Ұзақ жылғы ізденісте ұлттық мұрат биігіне көтерілуі оны күллі қазаққа ортақ етті.

Ақселеу Сейдімбек  Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында 1942 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген.  Әкесі Слан Ұлы Отан соғысында қаза тауып, әкесінің ағасы Аманбектің тәрбиесімен өседі. Жаңаарқадағы №1 қазақ орта мектебін  бітірген соң, Қызылтау, Ақтау кеңшарының мал шаруашылығында жолдамамен үш жыл еңбек етеді. Бұл жылдарда болашақ ғалым ел өміріне көз қанықтырып, сана-сезімін қалыптастырып, шығармашылық ізденісте болды. Мақала, өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып тұрды. 1961 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп,  1968 жылы журналистика факультетін бітіріп шықты.  Оқи жүріп Троицк қаласында әскери борышын өтеген.

Университет қабырғасында білім айдынына құлшына құлаш ұрған жас тарих, философия, мәдениеттану, этнология, фольклортану салаларына ықылас қояды. Оқу орнының «Журналист» газетін шығарушы алқаның, М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі, «Қайнар» қолжазба журналының бас редакторы, Мәскеудегі қазақ жастары құрған «Жас тұлпар» мәдени қозғалысының Қазақстандағы өкілі болып шығармашылық, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Университетті бітірген соң,  1968-1987 жылдар аралығында облыстық және республикалық баспасөздерде түрлі қызметтер атқарды. Қолынан қаламын тастамай, рухани қазыналарды жаңаша парықтап, оған құныға ден қойды. Әңгімелері мен повестері «Ақиық», «Қыр хикаялары», «Тауға біткен жалбыз», «Аққыз», «Кеніш», «Серпер» деген атпен кітап болып жарық көрді. Еңбектері орыс, қырғыз, өзбек, эстон, чех, неміс,ағылшын тілдеріне аударылды. Әлем әдебиетінің жауһары, Гомердің «Илиада», «Одиссея» эпикалық поэмаларын қазақ оқырманына ең алғаш таныстырған жан. Осы талпыныстан кейін 1979 жылы «Алпамыс батыр» кітабы жарық көреді.  Қазақтың эпикалық қарымы кең,  поэтикалық қуаты тегеурінді жыр-дастандарын осылайша насихаттады.

Ұлт жолында ұлы мұраттарға ұмтылған тұлғаларды тағдыр дауылы аямаған. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Ақселеу Сейдімбекке де «ұлтшыл» деп кінә тағылып, баспасөз атаулының есігі тарс жабылады. МҚК-нің наразылығына қарамастан,  ҰҒА М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Шерияздан Елеукенов еден тазалаушының бос орнына лаборант қылып қызметке алады. 1987 жылдан  1997 жылға дейін лаборант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер,  жетекші ғылыми қызметкер,  бөлім меңгерушісі болады. Бұл жылдары ол ғылыми жұмысқа біржола көңіл бөліп, қазақ халқының игерілмей жатқан бай мұрасы рухани қазынасын зерттеумен айналысады.  Ұлттың рухани әлемінде күй өнерінің айрықша орнын сезінген ғалымның ғылыми ізденісі докторлық диссертация қорғаумен ғана шектелмеді. Грек, рим, араб, парсы, қытай жәдігерлерінен музыкалық мәдениетімізге қатысты мағлұматтар сүзеді. Ел ішінен екі мыңдай күй аңызын жинақтап, оның жүздеген таңдаулы нұсқасын хатқа түсіреді. Жүз елуге жуық күйші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығы туралы тың деректер жинайды.

Ақселеу Сейдімбек — ел ішіне кең  тараған  «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Ақтамбердінің толғауы», «Есіңде бар ма жас күнің?» сияқты көптеген әндердің авторы.  Бұл әндер Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Бекболат Тілеуханов сияқты дәстүрлі әншілердің шығармашылық қоржынынан орын алған. Қазақ ән өнері туралы Ж. Кәрменовпен бірлесіп жүргізген телехабары - қазақ теледидарының алтын қорына қосылған рухани қазына. Хабарлар сериясында әншіге қазақтың жүзге тарта классикалық әнін айтқызып,  тарихи-эстетикалық  түсінік беріп отырады.

Ақселеу Сейдімбектің том-том кітапқа арқау болар ғылыми атағы мен ізденістерін,  қоғамдық ұйымдар арқылы атқарған  жұмыстарын  бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бірақ, ол қолға алған қайбір тірлікте де ұлттың рухани дәулеті еселеп, бұрын із түспеген соныға құлаш ұрады. Қазақтың рухани қазынасын сабақты жібіне дейін түгендеуді мұрат тұтқан  ұлтжанды азамат өзінің «Күй шежіре» кітабында: «Өзіндік қасиеттен айырылған  ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан, азапты өмірді тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан жүрегін жылытуы үшін  қол жалғап жіберуіміз қажет-ақ»,- дейді. Бұл сөз оның өмірі мен шығармашылығының бағдаршамы болды.

Далаға деген махаббатпен, көшпелі өмір салтына сағынышпен күн кешкен  Ақселеу Сейдімбектің артында үлкен  мұра қалды. Қазақтың күй өнері мен домбырасы туралы одан асырып жазған ешкім жоқ. Оның қай кітабын қолыңызға алсаңыз да, қазақтың болмысын көрсетеді. Бұрын айтылмаған, қолданылмаған қаншама терминге толы «Қазақтың ауызша тарихы» кітабын  елтану мен ұлттанудың әліппесі десеңіз болады.  Қазақтың қара өлеңін қотарған  «Мың бір маржаны» да керемет. Ұлт тарихы, ұлттық идея хақында көсіліп жазған нағыз күрескер.          Айрықша азамат сонау қылышынан қан тамған  империялық идеология кезеңінің өзінде толғантқан ойларын  ақ қағазға бүкпесіз кестеледі. Жазушы, публицист этнограф ғалымның еңбектерінен қазақ руханиятына Сарыарқаның саф самалын, еркін тынысын ала келгендей әсер аласыз. Ел руханиятының бір шетін тіреп тұрғандай алып бәйтерекке айналған аңыз Ақселеу халық қазынасын қызғыштай қорушы. Алаш қайраткерлерімен бірге кетіп, енді оянбастай көрінген қазақ рухын жасырын суарып жүріп, бүгінгі ұрпаққа аман жетуіне адал қызмет етті. Мәдени мұраларымызды кілемдей тоқып, өрнектей өріп берді. Құйма құлақ қариялардың көкейіндегісін төкпей-шашпай түгел жинады. Өзі де қолөнер бұйымдарын зерлеп, ағаштан ойды. Қолынан шыққан  домбыралары, таяқтары, шақшалары қазір Астана қаласындағы музейінде сақтаулы тұр. Дарабоз тұлғаның ат баптауы, мылтық ұстауы, Сарыарқа саздарын шертуі, алабөтен шешендігі, бір атым насыбайдың өзін билерше керіліп, бипаздай атуына дейін бүгінде аңызға айналды.Абыз туралы аңыз әлі де айтыла береді.

Арқада туып, алашқа ортақ тұлғаға айналған Ақселеу Сейдімбек еңбектерімен өзіне ескерткіш қойып кеткен жан. Ал, оның есімін келер ұрпаққа қалай ұлықтаймыз, шығармаларын қалай насихаттаймыз? Бүгінде қаламгер,  этнограф атындағы мектеп,  көшелер өзі туған Сарыарқа өңірінде ғана кездеседі. Ал, оңтүстік өлкеде Ақселеу атын жаңғыртатын қандай белгі бар? Бүгінде осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкенттегі №80 мектеп-лицейге Ақселеу Сейдімбек есімін беру туралы зор ықылас, алғашқы талпыныстар  жасалуда. Оның шығармашылығына арналған «Алаштың арда ұлы Ақселеу» атты әдеби кеш өтті. Іс-шараға белгілі жазушы Мырзакелді Кемел, «Отырар» кітапханасының меңгерушісі Злиха Жантасова, ардагер ұстаздар қатысты. Сондай-ақ, осы тақырыпта өткен кезекті іс-шараға ғалым, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов қатысып, А.Сейдімбектің өмірінен естеліктер мен шығармашылығынан сыр шертті. Ақселеу Сейдімбекке арналған апталық ұйымдастырылып, эссе байқауы, әдеби кеш, әдеби музыкалық қойылым ұсынылды. Оқушылар шығармаларын мәнерлеп оқып, ғылыми жұмыстарын қорғады, әндері мен күйлерін орындады. Наурыз айында мектеп әкімшілігі мен ұжымының ұйымдастыруымен  Ақселеу Сейдімбековке арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілмек. Біздің мектептен бастау алған ғылыми конференция М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жалғасады деп күтілуде.

Ақселеу Сейдімбек - қазақтың қат-қабат тарихын терең қаузаған ғұлама ғалым, сұңғыла білімпаз. Ол -  ғасырларда есесі кеткен елінің өнерін өрнектеп, тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлеткен біртуар жан.

Шымкент қаласы № 80 мектеп-лицейінің қазақ тілі

мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері

Асылбаева Роза Бекенқызы, Жанбулатова Алмагуль Жақсылыққызы