Байқасаңыздар, қазір бізде кешірім сұраушылар көбейді. Күні кеше денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған кемеде болғандармен бірге Токиодан ұшып келген жолаушылардан кешірім сұрады. Онда да келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтініпті. Яғни шенеуніктер біреудің денсаулығына, қала берді қу жанына төнген қауіп-қатерді әншейін қолайсыздық сияқты бағалаған.
Оның алдында әнші Айқын Төлепберген, ағайынды актерлер Асылхан мен Артур Төлеповтер әу бастан елдің ақшасын жымқыруды көздеген қуаяқтың жымысқы әрекетін жарнамалағандары үшін кешірім сұрады. Олардың да кешірім сұрағаны елдің обалына қалдым ау деп опық жеген мүсәпірден гөрі, «не қыл дейсіңдер, өзім де оңған жоқпын» деген кісәпірдің кейпіне көбірек ұқсады. Біреудің тұмсығын қанатып ақша тауып жүрген Қуат Найманды ұлттық батыр деңгейіне көтеріп жібергендердің біразы аңқау халықты алаяққа арандатқан спортшыны қалай ақтап аларын білмей дал. Ол батырымыз Айқын құсап бер жағымен де кешірім сұрамай, елдің қытығына тиді.
Біз кешірім сұраудың не екенін ұмытқандаймыз. Кешірім сұраудың қадір-құны да арзандап кетті. Жұрт осы әрекетінен болашақта пайда көретін болса ғана, біреуге тәуелді күйге түскенде, биліктің бишігін білегіне ілгеннен именгеннен ғана кешірім сұрайтын болып алды. Дүйім жұрттың көзінше әкесінен де үлкен жанды кісі құрлы көрмей, концерттен қуған Төреғали Төреәлі ел дүрлігіп, төрдегі төрелерден сөз естіген соң барып, «қатемді кешіріңдер» деді. Кешірім сұрағанының өзін шоуға айналдырып, концерт қойып кетті, хайпқа айналдырды, содан тәп-тәуір пайда да тапты.
Кешірім сұрау негізі жеке бастың ісі еді. Ал қазір бізде жаппай көпшілік алдында кешірім сұрау сәнге, трендке айналды. Оның өзі көптің алдында ұпай жинаудың бір жолы боп қалды.
Біздің қоғамда кешірім сұрау үлкен тойда беташар жасау секілді жасанды рәсімге, формальды құбылысқа айналып барады. Оның формасымен бірге мән-мағынасы, мазмұны жоғалды. Біз қазір кешірім сұрау мен тәубасына келудің ара-жігін ажыратудан қалып барамыз. Кешірімді ағаттық істегенде, қоғамның ережесі мен ішкі мәдениеттің шегінен шыққан қылық қылғанда сұрайсың. Ал ауыр қылмыс жасап алып, кешірім сұрауға бола ма? Тегінде кешіру жазаның күшін жою дегенді білдірмейді. Иә, қателікті кешірмеу де – қателік. Бірақ арамдық, иттік, найсаптық, зұлымдықты кешірсең, солардың бас көтеріп, балалауына жол ашасың. Тек ақымақтық қана кешірім сұрауды қажет те, талап та етпейтін болар. Ұшарын жел мен сай білетін ақымақ қаңбақ ойдың кез келгеніміздің басымызда ұшып-қонып жүрері сөзсіз. Ал ақымақтық пен аярлықтың шекарасын әрқайсымыз санамыздың таразысына салып теңшеп аламыз.
Мұны ішкі түйсігімізбен түсінсек те, біздің қоғамда ақылға қонбайтын, тіпті орта ғасырдағы жабайы құбылыстар қайталанып жатады. Соның бірі кешірімді сатып алуға ұмтылу. Кәдімгі ортағасырлық бай-манаптар күнәдан арылу үшін Рим Папасынан кешірім хаты – индульгенцияны сатып алғанына ұқсайтын тірлікті байқайсыз. Өйткені көпшілікке рұқсат сұрағаннан көрі, соңынан кешірім сұрай салған әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Онда да кешірімі аса қажет объектіні дәл таңдау керек.
Осы күнге дейін басына іс түскен бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арын, кеден комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов секілді шенді-шекпендінің атынан ауып түскенде тек бұрынғы президент Н.Назарбаевтан кешірім сұрағанын білеміз. Халықтан емес, президенттен сұрады. Неге? Өйткені қарашаның билігі тек Конституцияда ғана қалған.
Бұқарадан сауға сұрау ашықауыз болмаса, қазіргінің «сау адамының» ісі еместей. Бәлкім содан болар, қазақ тіліне байланысты Оғыз Доғанмен соттасып жеңіліп қалған «Эйр Астана» компаниясы өзін сот қазақ халқынан кешірім сұрауды міндеттесе де, құлдық ұруға асықпайды. Өйткені «Эйр Астанамен» ұшатын төрелер мен қарны жуан бай-манабыңа қазағың мен оның тілінің қажеті шамалы. Сондықтан кешірім сұрау саған ешқандай бонус бермейді. Міне, осындай бақай есеп.
Сондықтан қазір кешірім сұрау оңай боп кетті. Елді зар жылатып кетіп, артынан кешірім сұрағандарды қолдайтындар да табылады. Уақыт өте, ондайлардың мерез қылығы ұмытылып та кетеді. Неге? Өйткені біз кешірімнің қадірін, аяққа жығылу мен тәубаға келудің мағынасын ұмыттық. Бір-бірімізге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің орнын түрлі ереже мен заң басқан. Ренжітіп алсақ, кешірім сұраймыз. Бұл – істегенімізге өкінудің белгісі емес, көбінесе өзімізге деген өзгелердің құрметі мен бағасының төмендеп кетпеуінің қамы ғана. «Жарайды, кешіріңдер» дей отырып, біз кінәмізді мойындаудан гөрі, өзімізді ақтап алуға мәжбүр болған күйге түскенімізді мойындаймыз. Құдды бір формальды міндетімізді атқарған сияқты боламыз. Қазынаға қол салған шенеуніктің, астамсыған әншінің, ақыл сатамын деп елді алжастырғандар мен ақшаның буымен жұртты алаяққа арандатқан атақтының кешірім сұрағаны шын өкінуден көрі міндетсінуге ұқсайтыны да осыдан. Кешірім сұрау бір басқа да, тәубаға келудің мәнісі мүлде бөлек.