Найти в Дзене
Nege.kz

Ноғаев НЕГЕ Досмұхамбетов үшін жауап береді?

Мемлекеттік бюджеттің бүйірін толтырып отырған Атырау облысы қымбат автокөліктерге ақша шығармағанымен, шығармашылық кештер, түрлі мәдени шараларға миллиард теңгеден астам қаржы жұмсамақ.

Nege.kz порталы жолдаған сауалдарға Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.Нәутиевтен ресми жауап келді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімсіз шығындарды тоқтату туралы тапсырмасынан кейін Атырау облысының әкімдігі 2 миллиард теңге жуық қаржы үнемдеуді жоспарлап отыр. Мәселен, түрлі форумдар мен семинарлар, конференцияларға жұмсалатын қаржыдан – 48 млн теңге, консалтингтік қызметтер мен ақпараттық бағдарламалардан – 192 млн теңге, даму бюджеті бойынша (жобалық-сметалық құжаттама жасау) – 1 млрд 622 млн теңге үнемдеу қарастырылған.

Ә.Нәутиевтің айтуынша, 2020 жылға қымбат автокөліктер сатып алу жоспарда болмағанымен, облыс бойынша компьютерлік техника сатып алуға 284,6 млн теңге жұмсамақ.

Атырау қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы «Көрме орталығында» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылады. Осы орталыққа 110 млн теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынады.

Биыл Атырау облысында шығармашылық кештерге, мәдени-көпшілік іс-шараларға, шығармашылық ұжымдардың гастрольдік іс-сапарларына аз шығын шықпайтын сияқты – 1 млрд 060 млн 800 мың теңге. Бұл – Республика көлемінде атап өтілетін шараларды қоспағандағысы.

Атыраудың ауқатты облыс екенін білеміз, бірақ шығармашылық кештер мен гастрольдерге мұнша қаржы шығару қаншалықты тиімді? Бәлкім, мұның тиімділігін мәдениет басқармасы салық төлеп отырған жұртқа жіліктеп түсіндіріп берер?

Осы жылы Республика көлемінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әл Фарабидің 1150 жылдығы, Жеңістің 75 жылдығы тойланады. Атырау облысы бұл шараларға 315,4 млн теңге жұмсайды. Бұдан бөлек, Абай атындағы және Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу байқауына 15 млн теңге бөлуді жоспарлап қойыпты.

Бір нәрсені баса айту керек, 2019 жылы әкімдік жалақы қорынан 19,5 млн теңге үнемдеген. Бұл – басқа облыс әкімдіктерімен салыстырғанда, әзірге ең көп көрсеткіш.

Облыс әкімдерінің қанша жалақы алатыны құпия емес. Өңір басшысы болып тағайындалғанына көп бола қоймаған Махамбет Досмұхамбетов 824 500 теңге айлық алады. Әкімнің бес орынбасарының жалақысы 604-690 мың теңге аралығында.

Облыс әкімдігінің шабандау ресми сайты бар: atyrau.gov.kz. Сайттың сол жақ қапталында «Әкім блогы» деген рубрика тұр. Махамбет Досмұхамбетовтің жеке блогы арқылы халықпен қалай тілдесетінін тексеріп көргіміз келіп қажетті тетікті басып едік, мынадай жазу шықты: Сіз Ноғаев Нұрлан Асқарұлына «Электрондық үкімет» арқылы хат жолдай аласыз...».

-2

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың не себепті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов үшін жауап беретінін түсіне алмадық. Сайтты жаңалап үлгермегені сылтау емес, Ноғаевтың – министр, ал Досмұхамбетовтің әкім болып тағайындалғанына екі ай өтті.

Нұрлан Ноғаев өткен жылдың жазында (ол кезде әлі Атырау облысын әкімі – ред) берген сұхбатында әлеуметтік желіні белсенді қолданатынын айтып, былай деген: «Әлеуметтік желіге өз атыммен, яғни Нұрлан Ноғаев деген никпен тіркелдім. «Ноғаевтың өзі қарап отыра ма?» деген күдік болуы мүмкін ғой. Көмекшім де, кеңесшім де, басқа да емес, өзім қараймын. Таңертең жұмысқа келе жатқанда және жұмыс арасында 15-20 минут облыстағы түрлі салаға қатысты сұрақтарды шолып шығамын...».

Байқауымызша, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамедов әлеуметтік желімен әлі «дос емес» сияқты. Сондықтан да, әлеуметтік желіні жақсы білетін бұрынғы бастығы – қазіргі Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтан көмек сұраған шығар, бәлкім?..