Бірнеше минут бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Рахат (Aisultan Rakhat) Facebook парақшасы арқылы үндеу жасады. Ол былай деп жазды: «Мен кешірім сұраймын, 2019 жылдың 8 маусымынан бері фейсбукті қолдана алмадым. Оны менің шешем мен Әлнұр Мұсаев қолданды. Мен түрмелерде болдым және туыстарыммен арада көп мәселе туындады. Менің ойымша, атам Сіздерге бәрін айтып береді! Ата, біз жеңдік!».
Арада сүт пісірім уақыт өткенде: «Журналистер менімен хабарласқысы келсе, мен мына жердемін: Priory Hospital Hayes Grove. Менің телефон нөмірім: +447707787788» деп тағы бір жазба жариялады.
Іле-шала Айсұлтан Рахат былай деді: «Мен барлық адамдарды олар қолданып жүрген сиқырдан қорықпауға және Құдайдан әлдеқайда алыс елде өмір сүргіміз келе ме, осы жайлы ойлануға шақырамын. Олардың маған істеген ісінен кейін тірі қалдым, ендеше, Алла мен оның ұлы Иса және қасиетті рух Сіздерді де құтқарады».
Айсұлтан мұнымен де тоқтаған жоқ. Ол бұрынғы телефон нөміріне хабарласпауды сұрап, ол нөмірді әлдекімдердің көшірме жасап алғанын ескертті.
Одан кейін көп өтпей тағы бүй деді: «Жуық арада олар мені өлтіруге тырысады немесе жынды екенімді дәлелдеуге, болмаса әкем сияқты камерада асып тастауға әрекеттенеді! Менің күшім Алламен, оның ұлы Исамен және қасиетті рухтармен бірге».
Айсұлтан Рахаттың не себепті «біртүрлі» жазбалар жариялағанын жұрт түсінбей әлек. Оқырмандардың бірі «Парақшаңды біреу бұзған ба?» деп сұраса, екіншісі: «Шынымен де жынды екенсің!» депті. Тағы бірі оны кім өлтіргісі келетінін білмек болған. «Шешең неге көмектеспейді?» деп жазғандар да бар.
Тілшіміз Айсұлтан Рахат көрсеткен телефон нөмірлеріне хабарласқанымен, сөйлесу мүмкін болмады.
«Шешесі мен Әлнұр Мұсаев парақшасын не үшін қолданғанын», «Ата» дегені кім екенін, «Атасы» жұртқа не айтуы мүмкін екенін, өзін өлтірмекші болған «олар» дегені кімдер екенін көп ұзатпай Айсұлтанның өзі айтар, бәлкім?
Айтпақшы, бір нәрсені ескерген жөн, шынымен де Айсұлтан Рахаттың парақшасына әлдекімдер бұзып кіріп, ойына келгенін жазып отыруы да мүмкін ғой...