Найти тему
Paydalı keñester

Қатын дегенде, тұрған не бар?

Қазір қайсы әйелге болмасын «қатын» деп қалсаңыз, осы пәлеге қаласыз. Сонда сізден өткен «мәдениетсіз, дөрекі» адам жоқтай көрінеді. Әлгі «қатын» атанған әйелдің сізді өлердей ішіп-жеп, ала көзбен атып жатқанын көрмей-ақ қойыңыз. Ал енді әлгібір әйелді демей-ақ қоялық, өз әйеліңізді «Әйелім-ау» десеңіз болғаны, онда «әдепті», һәм «мәдениетті» кісі саналмақсыз. Осылайша әйелімізге, не күллі қазақ әйелдеріне ауыр тиетін, яки құлағына түрпідей естілетін «қатын» сөзінен бас тартуымыз керек пе? Немесе бабаларымыздың бар асыл мұрасында «қатын» сөзі мәртебесінің тым асқақ та, өте жоғарылығына қалайша қараймыз? Қайткенде біз сол «қатын» сөзін қазақ арасына өзінше оралтып, оның орнын қаншалықты айқындап алмақпыз? Ендеше осынау сауалдардың желісімен нақтылы жауаптар іздеп көруге тырысалық.

Расында, «қатын» сөзіне Кеңес Одағы орнай салысымен-ақ қарғыс айтылып, қоғамнан басыбүтін ығыстырыла бастады. Бұл бұрынғының өзі деп қарап, жаңашыл заманның жаңа ұғымын дүниеге келтірдік. Осылайша «қатын» сөзінің орнына «әйел» ұғымы пайда болды да шықты. Былайша айтқанда, кеңесшіл билік ескінің сарқытындай, көненің көзіндей «қатын» сөзін «әйел» сөзімен алмастыруға барынша құлықты болды. Өйткені өткен ғасырдың кез келген дүниесі халқымыздың өз тарихынан, өз тектілігінен, өз болмысынан хабар беріп тұратын-ды. Сондықтан, әміршіл де, әкімшіл Кеңес Одағы орыстан өзге ұлттардың ешбірінің өткенін жоққа шығарып, жадынан мүлде шайып жіберуге әбден бекінді. Осыған орай олар «шашы ұзын, ақылы қысқа» деген тіркестішығарды. Сөйтіп, қаракөз қарындастарымыз бен өз әпкелерімізді, тіпті ана-апаларымыздан жаңа кеңестік өмірге ылайықты «әйел жасау» үшін, қатындардың шашын қырықты да, ал қырықпай қазақтың әдемілігін сақтағысы келгендердің намыстарына тиіп, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деп, әдейі бұрмалап айта бастады. Негізі осылай айтқан қазақ болмаған, бұл ешбір негізі жоқ кейін қосылған тіркес, ең бастысы өзіміздің ешбір қисса-дастандардан,тарихи жырлардан, ауыз екі әңгімелерден мүлде кездестіре алмайсыз.

Қазақтар әлгібір сөзді негізінен жаудың еркектеріне қаратып ғана айтқан болатын. Атақты Бөгенбай батырдың қолға түскен жоңғарлардың кейбіреуін өлтірмей, бастарын тақырлатып, шашын алдырып, «шашы ұзын, ақылы қысқа неме» деп мырс етіп күліп, оларды қоя бергені туралы тарихи әңгімелерде айтылатыны бар. Ол кездерде жоңғарларда, орыстар да шаштарын алдырмай жалбыратып, өсіріп жүретұғын болған ғой.

Демек, «әйел» деген сөзді қолданғанымызға да бір ғасыр да болмады. Сөйтсе де, біз «қатын» сөзін айтудан гөрі, «әйел» дегенді құп көріп тұрамыз. Неге біз өткенімізден жерінгіміз келеді?!.. Құдай-ау, мұнда кеңесшіл үкіметтің біздің күллі әдеби болсын, тарихи болсын мұраларымыздағы «қатын» деген сөзді «әйел» деген сөзбен түгел алмастырылғанын білмедік емес білдік қой. Бұл біздің көзсоқырлығымыз, не қателігіміз емес десек те, ендігі жерде оны дәріптеу бар, қайта тірілту бар емес пе?! Ұмыт қалған дүниеміздің барлығын кейінгіге қалдырғандай болып, қадіріне бармасақ неміз қалады-ау?!.. Онсыз да, өткен ғасырда бір емес, қатарынан үш рет әліпбиін алмастырған тіліміздің қайбір жаны қалды дейсіз?.. Лингвист, профессор Рахманқұл Бердібаев: «Қазақтың 18 мың сөзі бұзылды» деген сөздері еш дәлелдеуді қажет етпейді.

Бір қызықты деректі қараңыз, ертеректе отағасылар өз ұлтынан қалап алған жарларын «қатын» деп атап, ал тоқалдары мен соғыста тұтқынға түскен, не сатып алған және жаудан тартып алғандарын ғана «әйел» деп атағанын біздің қатындар түсінсе ғой дейсің. Онда өздерін «әйелміз» деп сонша төмендетпес еді?!.. Айналып келгенде, сіздің «қараңғылығыңыз» қатыныңызға байланысты шығар. Бәлкім, біз қателестік пе екенеді?!.. қалай болғанда да, біз өз пікірімізде қалып, «қатын» дегенде, тұрған не бар дегіміз келеді. Осылай біз өз «қатынымыздың» қадірін асырып, мәртебесін асқақтатсақ дейміз. Қазақ қатынының қасиеті қашанда ерекше болған ғой. Өз орнын білген ол, өз жолын тапқан ол, өз сыйын түсінген ол –Қатыны Қазақтың бақытты болғай!..