"Кунг-Фу Панда 2"-ні достарыңмен бірге көрген шығарсың. Теңдессіз хитке сөз жоқ дегіңіз келер. Керемет қалжыңдар мен (ұят тұстары жоқ) графика ұштастырылған позитивті мультикті сізді қайдам, өз басым бар зейінмен тамашаладым. Түсірілім талғамына бар өнерді салғаны соншалықты, кино көріп отырғандай әсерде болады екенсіз.
Біздің кішкентай кейіпкер есейіп, бұл жолы бүкіл Қытайды бағындырам деп ойлаған зұлым тотыға қарсы шығады. Бұл тұста По өзін тауып (ішкі жан-дүниесі), "жан тыныштығына" бөленгісі келеді. Бұны біз де, сіз де көрдік. Бірақ ой салатын тұстарды қаншалықты бағамдай алдық деген сұрақ туындайды. Міне, осы тұста моп-момақан, ап-аңғал қонжығымыздың сабақтарына тағы бір үңілейікші.
1. Өткен күнді босат немесе еркіне жібер
Бас кейіпкер түн бойына қорқынышты түстер көріп, мазасыз күйді кешу барысында ата-анасы өзін сүймеген деген ойға келеді. Өткен күннің осы бір қалдықтары оған "жан тыныштығын" табуға кедергі жасап, шеберлік шыңына көтерілуіне әр уақытта тосқауыл бола береді.