Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

427-ші Қара пайым-сөз: Аспан мен Жердің арасы құр әншейін пендешілік, жалғыз шындық пен қуат Аллада

Кеше ерте ұйықтағандықтан бүгін таңертең миым тұп-тұнық болып, ұйқым қанып жақсы ояндым. Әдеттегіше асықпай дәрет алып, мәсімді киіп Таң намазына тұрып «Азан» айттым. Тек Таң намазының «Азан»-ын айтқан кезде «Хаййя ъаләл-фаләх»-тан кейін «Ассаләту хайрум минан наум» (Ұйқыдан намаз жақсы) деп айтылады. Ия, расында адамның ұйқысы ешқашан қанбайды, өмір бойы ұйықтап өтеміз. Таң намазы сүннетінің бірінші рәкаатында Фәтихадан соң «Аят әл-Курси»-ді, екінші рәкатында Фәтихадан соң «Шарх» сүресін оқуды әдет қылғанмын. Әсіресе «Аят әл-Курси»-ді іштей оқып тұрғанда, тұла бойың қалтырап, әлі көзіңе тығылып тұрған шайтан-ұйқы болса, сені тастап тұра қашады. Мына жалған дүниеде Президент пен әкімдердің халыққа берген уәдесі, бастығыңның саған қомпайып қыр көрсететіні, тіпті кешегі даурығып өткен Сайлау да, молдалардың мәнерлеп Құран оқығаны да, бәрі-бәрі құр әншейін пендешілік екенін – намаз оқығанда ғана түсінесің. Терезенің сыртынан маған таңданып үңіліп тұрған қара түнек тылсымды елең қылмастан, бар ойым Аллада болып енді «Таң» намазының парызын оқу үшін жылдамдатып «Қамат» айтып, екі рәкаат парызды оқуға оқталдым. Бұл кезде денеңді тамаша бір жеңілдік билеп тұрады. Мағрифат деген осы – түсінген жанға. Фәтихадан соң дауыстап «Құдірет» (Қадр) сүресін оқып сәждеге бас қойғанда, желкеңнен төніп тұрған Ұлы құдіретті сезгендей боласың. Келесі рәкаатта Фәтихадан соң дауыстап «әл-Қариға» сүресін оқып тұрғанда «Қиямет не екенін білесің бе? Ол күні адам баласының ойына келмейтін қорқынышты алапат оқиғалар болады. Оны бейнелеу немесе суреттеу мүмкін емес» деген сөзден жүрегің дірілдейді. Япыр-ау, адамдар қандай бейқамбыз – деп көзіңе жас келеді. Міне «Таң» намазы оқылып бітті. «Аят әл-Курси»-ді тағы бір оқып, «Субханаллах», «Алхамдулиллах», «Аллаху акбар» деп 33 реттен тасбих тартып болған соң «Йа-син» сүресін бірінші «мубинге» дейін оқып, одан әрі тәспінің көмегімен «Алла, әр-Рахман, әр-Рахим ... әр-Рашид, әс-Сабур» деп Ұлы Алланың 99 қасиетті есімін айтып намазымды тәмамдадым. Ия, Алла, мына жарық-жалған өмірде соңғы ақтық демім шыққанша, намазымды үзбей оқуға мұрша бер – деп бетімді сипап орнымнан тұрдым. Терезеден сыртқа қарасам, қара түнек тылсым әлі сол баяғыша таңданып, демін іштен алып қарап тұр екен. Нағыз шынайы ақиқат «Ләә хаулә, уә ләә қууәтә иллә билләһ (Нағыз күш-қуат Аллада)» – деген дұға сөзінде екенін қайран қазағым қашан түсінер екенсің...