Найти в Дзене
Мурат Сайрамбеков

Азат қозғалысы.

Нұрлыбай Қошаманұлы "АЗАТ" азаматтық қозғалысының (партиясының) 28 жылдығына орай. «АЗАТ» қозғалысы (тәуелсіздік пионерлері) – 1990 жылдың 30 маусымы күні Алматыда «Азат» құрылтайы ашылды. Құрылтай 2 күнге созылды. 1 шілдеде қозғалыстың 7 тең төрағасы сайланып, Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, «Азат» азаматтық қозғалысы құрылғаны жарияланды. ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың ұжымдасу мысалы болатын екі құбылыс бар. Оның бірі – ғасырдың бас кезіндегі Ресей қоғамының білімін бойларына сіңіріп, өзегін ел егемендігі өртеген, ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы да, екіншісі – ғасырдың соңында қарапайым бұқараның азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы. Бұл екеуінің де мақсаты қазақ еліне азаттық әперуге ұмтылу болғанымен, тарихи мұраты (миссиясы) екі басқа еді: «Алаш» - азаттық жолындағы қазақ халқының авангардтық саяси тұлғасы болса, «Азат» - халықтық қозғалыстың саяси сипатына айналған азаттық жолындағы әрекет ету үлгісі бо

Нұрлыбай Қошаманұлы

"АЗАТ" азаматтық қозғалысының (партиясының) 28 жылдығына орай.

«АЗАТ» қозғалысы (тәуелсіздік пионерлері) – 1990 жылдың 30 маусымы күні Алматыда «Азат» құрылтайы ашылды. Құрылтай 2 күнге созылды. 1 шілдеде қозғалыстың 7 тең төрағасы сайланып, Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, «Азат» азаматтық қозғалысы құрылғаны жарияланды. ХХ ғасырда қазақ халқы тарихында айрықша орын алатын ұлттық саяси сананың ұжымдасу мысалы болатын екі құбылыс бар. Оның бірі – ғасырдың бас кезіндегі Ресей қоғамының білімін бойларына сіңіріп, өзегін ел егемендігі өртеген, ұлттық зиялы қауым құрған «Алаш» партиясы да, екіншісі – ғасырдың соңында қарапайым бұқараның азаттыққа деген құлшынысынан туындаған «Азат» қозғалысы. Бұл екеуінің де мақсаты қазақ еліне азаттық әперуге ұмтылу болғанымен, тарихи мұраты (миссиясы) екі басқа еді: «Алаш» - азаттық жолындағы қазақ халқының авангардтық саяси тұлғасы болса, «Азат» - халықтық қозғалыстың саяси сипатына айналған азаттық жолындағы әрекет ету үлгісі болды. «Алашты» ат төбеліндей ұлттың алдыңғы қатарлы тобы құрса, «Азат» қалың бұқараның қолдауымен дүниеге келді. Біріншісі – ұлттық ақыл-ой мен күш-қайраттың жұмылу көрінісі болса, екіншісі – халықтың ұлт болып қалыптасқан жігерінің көрінісін әйгіледі. «Алаш» саяси ағарту мен мемлекет құру идеясын ту етсе, «Азат» мемлекетке, жерге ие болу мұратын іске асыруға тікелей араласты. Қазақ азаттығының жаңаша тарихынан ойып орын алатын Қазақстанның «Азат» азаматтық қозғалысының құрылғанына 25 жыл толды. Бұл қозғалыс – қазақ халқының алашордалық саяси қозғалысынан кейінгі бүкілхалықтық сипат алған ХХ ғасырдағы саяси белсенімінің нақты көрінісі, ұлттың саяси азаттыққа деген сұранысын танытқан ғасыр соңындағы ұйым еді. «Азат» қозғалысы – қазақ халқына тәуелсіздік көктен өзі түсті» деген тезисті жоққа шығаратын бірден бір фактор. Алаш азаттығы жолында құрылған «Азат» қозғалысының қаншалықты тарихи құны бар десек, ол мынау:

1) Қозғалыс ХХ ғасыр басындағы «Алаш» ұйымының ғасыр соңындағы сабақтас сипаты болды, қазақ халқының АЗАТТЫҒЫН күн тәртібіне қойған және сол жолда бүкілқазақтық бірден бір саяси ұйым ретінде қалыптасты;

2) Қазақстандық қоғамды демократияландыру барысында саяси жүйені «көппартиялық» етуді және саяси ағымдар арасынан бірінші болып «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының» жобасын қабылдап, Қазақ Республикасының бүкіл территориясында мемлекеттік егемендігін салтанатты түрде жариялаған да «Азат» азаматтық қозғалысы болатын (01.07.1990ж). Құжаттың толықтырылып өңделген нұсқасы 16 шілдеде Жоғарғы Кеңеске табыс етілді. Қазақ Республикасының жаңа Конституциясының, меншіктің әртүрлі формаларының тепе-теңдігін мойындату, азаматтық пен көші-қон заңын қабылдау, республика рәміздерін (символика) жаңғырту, заң қорғау органдарының, адам құқықын сақтауға кепілдік беру, партиядан дербес болуын, тұрғылықты жерлердегі тарихи атауларды қайтару (ономастика), қуғын-сүргінге ұшырап шет мемлекеттерге кеткен қазақтарды тарихи отанына қайтару туралы заңдардың қабылдануын жеделдетуді мәселе етіп қойды;

3) 27.02.1991 жылы республикалық «Азат» қозғалысы КСРО Президенті М.С.Горбачев пен Одақтық Шартты талқылап жатқан тоғыз республика басшылары атына мәлімдемемен шықты. Онда қазақ халқының басты мұраты - тәуелсіз егеменді елдердің халықаралық құқыққа негізделген ерікті ынтымақтастығы – Конфедерация идеясы екені атап көрсетілді. Одақтық шартты қабылдамауды, Қазақ Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауды тездетуді, осыған дейін «Жаңарған федерацияны» жақтаушы Қазақстан КП Орталық комитетінің ұстанымын ұлттық мүддеге опасыздық жасау деп қабылдайтындығын жеткізді. Бодандықтан бостандыққа ұмтылу жолында республикалар арасындағы байланысты халықаралық правоға негізделген «конфедерациялық» құрылым негізінде құру ғана қазақ елін шынайы тәуелсіздікке бастайтын жол екенін «Азат» қозғалысы азаматтары аштық жариялау арқылы қайтара көтерді (1991 жыл 12-19 тамыз аралығы). Азаттықтар билікке одаққа кіруден бас тартуды талап етті. Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің төтенше сессиясында (21.08.1991) азаттықтар көтерген «конфедерация» идеясы елде үлкен қоғамдық пікір туғызып, қазақстандық билік тарапынан қолдауын тапты. Барлық саяси ағымдар арасында бұл идея Қазақстанды тәуелсіздік жолына түсуіне бағыттаған нақты тарихи қадам болды. Жаңарған Одаққа конфедерациялық негізде енетінін мәлімдеген «Азаттың» бастамасы ел басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуде жасаған баяндамасында көрініс тапты;

4) «Азат» тарихының жарқын беттерінің бірі экологиялық қозғалыстармен байланысы болды. Бұған негіз жоқ емес-ті. Қазақстандағы әскери сынақ алаңдары 25 млн. гектар жер аумағын алып жатты, онда атомдық, химиялық, бактериологиялық, нейтрондық қару жарақтар сыналды. Мұндай аумаққа Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе, Атыру, Орал, Маңғыстау, Балқаш және Арал теңізі акваториясы кірді. Бірнеше ұрпақ ядролық тажалмен қоңсы қону жазымышына мәжбүр болды. Осындайда азаттықтар өз Жарғысына сәйкес, барлық облыстарда табиғат қорғау қоғамдық ұйымдарын құра жүріп (мәселен: «Жем» – Ақтөбе, «Нарын» - Орал, «Тамшы» - Қызылорда,» «Ұлытау» - Қарағанды. т.б.) «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысы аясында Семей полигонын жаптыруға тікелей араласты. Нәтижесінде Серікболсын Әбділдиннің төрағалығымен 1990 жылы 22 мамырда Жоғарғы Кеңес: «Семей облысындағы ядролық полигонда сынақ өткізуді тоқтату, аймақтағы қоршаған орта мен халық денсаулығын қорғау шаралары туралы» Қаулы қабылдады. Жоғарғы Кеңес қабылдаған қаулы негізінде 29 тамызда Қазақстан Президентінің жарлығымен сынақ тоқтатылды. Қоғамдық ұйымдардың ықпалымен болған Қазақстан басшылығының бұл шешімі жаһандық ауқымдағы ұлы прецендент;

5) Егемендік жолында территориямызды даулап, автономия жариялап, жеріміздің тұтастығына жік түсіре жаздаған Орал қаласындағы отарлаушы-шовинист орыс-казактарының сепаратизміне қарсы 1991 жылы 13-16 қыркүйек аралығында азаттықтардың ұйымдастыруымен өткен «бүкілқазақстандық наразылық акциясы» - Қазақстан Үкіметінің сол уақыттағы ішкі және сыртқы тактикалық саясатында түбегейлі өзгерістердің пайда болуына, елде жаңа «демократиялық бетбұрыстардың» бастамасына қозғау болды. Сөйтіп, азаттықтар арандатуды көздеген, отаршыл күштер тарапынан болған «саяси терроризмнің» бетін қайтарды. Оралдағы «қыркүйек оқиғасы» Қазақстанның саяси, экономикалық дербестікке ұмтылуын және Кеңес империясының ыдырауын жеделдеткен «басты факторлардың» біріне айналды;

6) Қазақстан Президентінің тапсырысы бойынша 1991 жылы 25 қазанда Оралдағы «қыркүйек оқиғасының» орын алу себептері мен салдарларын анықтау үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары, ғалымдар мен құқық қорғау қызметкерлері, журналистер және «Азат» қозғалысы өкілдерінен құралған мемлекеттік комиссия құрылды. Президенттік комиссия 1991 жылы 31 қазанда жұмысқа кірісіп, оқиғаның шығу себептеріне қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде «Орал оқиғасына» саяси-құқықтық баға беруге негіз болатын 8 бөлімнен тұратын АНЫҚТАМАЛЫҚ құжат дүние келді;

7) Елеулі қадамның бірі – «Азат» елдің Қарулы Күштерінің құрамында республиканың өз армиясының және Жоғарғы Кеңеске бағынатын ішкі әскерлер мен мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрамаларын құруды да 1990 жылы өз бағдарламасына енгізді. Республикашыл «Азат» партиясы болып құрылған кезде 1992 жылдың наурыз-сәуір айларында бұған дейін құрылған «Қорғаныс Комитеті» негізінде тағы да алғашқы болып тез арада «Қазақстанның Қорғаныс Министрлігін» құру қажеттігін білдірген «Мәлімдемесін» жариялады;

8) Қозғалыс пен партияның құрылу тарихына қатысты анықтама. Мәскеуде болған ТЖМК қазақстандық саяси ағымдарды жаңа тактикалық қадамдарға баруға итермеледі. Бүған дейін қозғалыс негізінде қимылдаған «Азат» 4 қырүйек 1991 жылы Алматыда өткен құрылтайында Қазақстанның Республикалық Партиясы «Азат» болып қайта құрылды. Кейіннен «қоғамдық бірлестіктер туралы заң» талаптарына байланысты «Азат» аты алынып, 1992 жылы 26 ақпанда ҚР Әділет Министрлігінде Қазақстанның Республикалық Партиясы (ҚРП) болып тіркеуден өтті. Солай бола тұра, партия «Азат» қозғалысын таратпады. Ел мүддесін көздеген оппозициялық саяси ағымдардың бірі ретінде, өзара бәтуаласу арқылы ортақ бағдарлама мен тұғырнама аясында бірлесе жұмыс жасағанымыз дұрыс деген оймен, елміздің сяси-әлеуметтік жаңарудағы өзгерістеріне сындарлы тірек бола алатын партияның қуатты ортасы, интеллектуалдарды топтастырған резерві ретінде «Азат» қозғалысын таратпай сақтап қалды;

9) 1990-1992 жылдары «Азат» азаматтық қозғалысы ұйымдасқан және біршама ықпалды қоғамдық-саяси күшке айналды. Ол Қазақстанның тәуелсіздігн жақтады, бірақ басқару жүйесінде бұрынғы номенклатуралық құрамның өзгеріссіз қалуына наразылық білдіріп, өкіметке оппозицияда болды. (М.Есеналиев: «Ақиқатын айтқанда...» кітабы, 213 бет. 1998 жыл);

10) Демократия - халық билігі, ал сайлау демократиялық өкілдіктің басты көрінісі. Сол билікке халық өкілдері еркін сайлау жолымен келе алады. «Азат» тұңғыш демократия бастауында тұрды және өз әлеуетіне сай өкілдерін Жоғарғы Кеңеске, аймақтарда жергілікті өкілдік билікке сайлау арқылы өткізе білді жәнеуақыт талабына, қалыптасқан шынайы өмірге сай Заңдар қабылдауға араласты. Төменнен, бұқара арасынан көк байрақ көтерген азаттықтар қозғалысқа ұйымдасқан түр беріп, оны жаңа сапалық деңгейге көтерді, билік үшін күресетін партияға айналды (ҚРП-сы «Азат», құрылған күні 04.09.1992);

11) Демократиялық қайта жаңғыртауда БАҚ құралдары үлкен қызмет атқарды. Сөз және пікір айту бостандығы демократиялық қоғамның кепілі. Осы тұста қозғалыстың үні «Азат» газеті дүниеге келді (тіркелген уақыты 01.10.1990). Халыққа 10 тың тиражбен таралды. Газет тың идеялар мен саяси идеологиялық плюрализмнің жетекшісіне айналып, «биліктің сал аурулығын», «кеңестік биліктің қирауын», «демократияның шектелуін», «дендеп бара жатқан жемқорлықтың, сыбайластықтың барын», «компартократияның өктемдігін» әшкерелеп, батыл түрде қоғамдағы өткір проблемалардың бетін ашты. Бара-бара қайшы пікірлер айтушылық әдеттегі құбылысқа айналып, елімізде жаңа қоғамдық іс-әрекеттерге жол ашты. Бұл да «Азаттың» тұншығып келген сөз бостандығына баспасөзде алғашқылардың бірі болып түрен салуы еді;

12) «Азат» халықаралық деңгейде шетелдік қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялармен байланыста тығыз жұмыс жасады. Әзірбайжан Республикасы президенті Элчибейдің жетекшілік ететін партиясы, Алыпарсылан Түркеш басшылық жасаған «Түріктің Еңбек Партиясымен» тәжірибе алмасты, жалпытүріктік біртұтас саясатты нығайтуға атсалысты. 1991 жылы маусым айында түріктердің Тұрған Язған бастаған ақын-жазушылар делегациясы Алматыға келіп, азаттықтармен әріптестік келісімге қол қойды. Түркия газетінің Вашингтондағы елшісі Ахмед Али Арсылан азаттықтар туралы материалдар жариялады. Тұрған Язған «Азат» қозғалысының мүшелігіне өтті. Ортаазиялық демократиялық конгресс мүшелері: Түрікменстанның «Ауызбірлік», Өзбекстанның «Бірлік» партияларымен халықаралық қарым-қатынас орнатты. Азаттық радиосының өкілі Хасен Оралтай «Азат» мүшелігне өтті;

13) Демократиялық қоғамға тән азаттықтар өз наразылықтарын шерулер, байкоттар, ереуілдер және азаматтық әрекеттердің басқа да жолдары арқылы білдіре алды. «Наразылық» демократиялық қоғамның бір бөлігі бола тұра, осы жолда «Азат» қозғалысы республиканың компартиялық-номенклатуралық құрылымдарының қысымын өз басынан толық өткерді. Оның органы «Азат» газетіне «елді дүрліктіруші», «жазғандары үстіртін», «беймаза» және «арандатушы» деген айыптаулар таңылды. Қозғалыс белсенділері мен жетекшілеріне МҚК (КГБ), ІІМ (МВД), атқарушы билік шенеуніктері, сот инстанциялары тарапынан моралдық-психологиялық жағынан талай мәрте қысым жасалды. Өкімет тек ұлттық-демократиялық қозғалыстарды ғана емес, өздеріне қауіп төндіретін ұйымдар ретінде басқа да қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың бірлестігін де арнаулы қызмет органдары қолымен басып тастап отырды;

14) Демократияның алғашқы ағынында дүниеге келген «Азат» қозғалысы (ҚРП-сы «Азат») Қазақстанның басына түскен сол бір қиын-қыстау өтпелі күндері басталған әлеуметтік, экономикалық өзгерістер мен жалпыхалықтық мәселелер төңірегінде де, кез-келген саяси тартыстың ыстығы мен суығында да халқының қасынан табыла білді. Республиканың егемендігі үшін табанды күрес жүргізді, қазақ елінің болашақ саяси және экономикалық тәуелсіздігіне қызмет етті. Тәуелсіздікке ұмтылыс жолында бұқараны демократияның әліппесіне үйретіп қана қоймай, қоғамдық сананы оятуда «Азат» өзінің тарих алдындағы «МИССИЯСЫН» абыроймен орындады;

15) Тарихшылар мен зерттеушілердің, жалпы оқырман назарына 25 жылда «Азат» тарихына қатысты баспадан шыққан кітаптар тізімін береміз (әр жылдары республикалық, аймақтық түрлі мерзімді басылымдарда шыққан мақалаларды қоспағанда). Онда заманның, уақыттың үні бар. Бұл кітаптардың барлығы бүтін шындықты алға тартады, деректі құжаттардың негізінде сол жылдардың тұтас панорамасын көз алдыңызға әкеледі, түрлі ой-пікірлерге кеңінен орын береді, «Азат» қозғалысының қимыл-әрекеттеріне талдаулар жасайды. Олар: 1.«Ақиқатын айтқанда» кітабы (М.Есеналиев: «Қазақстан» баспасы, Алматы - 1998); 2. «Записки дипломата» кітабы, (М.Есеналиев: «Атамұра», 1998); 3. «1991, қыркүйек – «Орал оқиғасы» кітабы, (Н.Қ.Сисенбайұлы: «Лазер» баспасы, Ақтөбе – 2001); 4. «Азат қозғалысы» (Б.Дәрімбет: «Өркениет» баспасы, Алматы – 2001); 5. «Хакім. Михаил Иванович...» кітабы, (Ғ.Қабышұлы: «Нұрлы әлем» баспасы, Алматы – 2001); 6. «Азат пен Аманат» кітабы (С.Жүсіп: «Тұмар» баспасы, Қызылорда - 2006,). 7. «Құл болу оңай, ал одан құтылу қиямет» кітабы, (Б.Дәрімбет: «Ол-Жас баспасы» ЖШС, 2006-Алматы); 8. «Азаттық» кітабы - І-ІІ-ІІІ том, (О.Жәкібаев: «Полиграфсервис» баспасы, Орал - 2007); 9. «Айсыз түнгі ақ жұлдыз» кітабы, (А.Есмұрзаев: Алматы - 2007). 10. «Азат» азаттық жолында» кітабы, (Н.Қ.Сисенбай: «Литер-А» баспасы, Ақтөбе – 2008). 11. «Ұлтым деп соққан жүректер» кітабы, (Б.Төлепберген, Д.Көшім: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы ЖШС», Алматы – 2009). 12.» «Әділетқисса кітабы, (С.Жүсіп. Қызылорда – 2010 жыл)...

Тәуелсіздікке жеткізген жол соқпағы мол, шоқалақты болды. Қиын-қыстау асулардан тұрды. Тәуелсіздік енді ешкім талас тудыра алмайтын шындыққа айналды. «Азат» қозғалысы 550 жыл бұрын қаланған қазіргі мемлекетіміздің (хандығымыздың) ірге тасын нықтап, 20-ғасырдың аяғында «Алаш» жалауын көтеріп, қазақты отарлық езгінің – құқықсыздық пен кемсітуішіліктің бұғауынан құтқару жолында жалпыхалықтық қарсыласу қозғалысына айналды. Оның 500 мыңдай мүшесі болды. «Азаттың» идеологиялық және тәжірибелік іс-әрекеттерінде ұлт-азаттық ұстаным болғаны рас. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Азат ардагері М.Есеналиев бұл жөнінде: «Ресей державасының құрамында «Алаш» партиясы ұлттық автономия құруды мақсат етіп қойса, «Азат» тәуелсіздікті ту етіп, алаштықтардың мақсаттарымен салыстырғанда бір адым ілгері жылжыған қадам жасады» - деген анықтама берді. Осынысы үшінде де «Азат» оппоненттері көбінде қозғалысты ұлтшыл, бір ғана қазақ ұлты мүддесін жақтайды деп айыптады. Қате пікір. Зерттеушілер «Азаттың» жоспарлы құжаттарын сұғына оқып, үңілер болса мұндай пайымдаулардың негізсіз екенін, керісінше ұлттық мемлекеттік мақсат-мүдделер талабына сәйкес жалпы адамзаттық құндылықтарды қастерлеуге бағытталғанын көрер еді.

Тоқсаныншы жылдардағы жұмыс жасаған «Азат саяси қозғалысының өмір белестері, алған асулары Қазақстан тарихшылары бара қоймаған, әлі де зерттелмеген тың тақырып. Заман талабына сай «Азат» бастамаларының тарихын білу, зерттеу, қоғамымыздағы әлеуметтік-саяси ғылымдардың міндетінің бірі. Өкініштісі сол – «Азат» қозғалысы қалыптастырған, түзген ұлттық әлеует пен тәжірибе тәуелсіз Қазақстан пайдасына жаратылмай, қасақана ескерілмей келеді. Ендеше, «Азаттың» өмір-тарихының ғылыми негіздемесін, тұғырнамасын жасауда, оның қоғамдағы ойып тұрып алатын орнын мойындатуда жоғарыдағы жіптей тізген алғышарттардың барлығы болашақ зерттеушілердің, тарихшылар мен ғалымдардың, әлеуметтанушылардың назарынан тыс қалмауы тиіс. Сол үшін де басты кемшілігіміз – түпдеректік негіздеріміз әлсіз болмауы керек. Мұрағат сөрелерінде жатқан аса маңызды түп нұсқа құжаттар, мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар, естеліктер, шыққан кітаптар, мейлінше қамтылып, «Азат» өмірдерегін ғылыми айналымға енгізу қолға алынғаны жөн. Мұнымен болашақ «азаттанушылар» айналысады деп үміттенеміз.

Азаттықтар - қазақ халқын отарлық бұғаудан құтқаруды, ұлттық мемлекет құруды, көппартиялық шынайы демократиялық елдер қатарына жеткізуді көздеген негізгі мақсаттары мен принциптерінің қандайлығын өз құжаттарында теориялық жағынан да, саяси ашық іс-әрекетімен де көрсетті. С.Ақатай, М.Есеналиев, Ж.Қуанышәлин, Б.Дәрімбет, А.Қадырбаева, С.Жүсіп, С.Ерғали, Н.Қ.Сисенбай, О.Жәкібаев секілді жетекшілерінің жазба естеліктерінің мазмұны «Азат» таңдаған жолдың ұстанымы, «темірқазығы» десек те болады. Белсенділігі мен ашықтығы арқасында «Азат» бұқара сеніміне, қолдауына ие болды. Тәуелсіздік жарияламай тұрып 1990 жылы «Азат» көтерген бағыт-бағдардың барлығы бүгінде ақиқатқа айналды. «Азат» көтерген саяси идеялар, кейіннен заңдылық идеясына өзгерді.

14. Бұл тарихи құжат 2015 ж. 12 маусымда Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында Азат ардагерлерінің "Азат қозғалысы - тәуелсіздік қарлығашы" атты жиынында Астана қ, қабылданды.