Найти тему
Мурат Сайрамбеков

Өкінішке орай.

Елеңдеген көңілім не іздейді,

Тәбетім жоқ ештеңе жегізбейді.

Өткен күндер есігі -- жабық есік,

Ақ пен қара өмірде егіз дейді.

Кілтін тапсам өткенге барар едім,

Қайта түлеп, қайтадан жанар едім.

Жіберген көп қатені түзеп алып,

Өзіме керегімді алар едім.

Әлде өмір Алланың сынағы ма,

Жауап таппай келемін сұрағыма.

Күн мен түн қатар шауып келе жатыр,

Жарысқандай екеуі тұрағына.

Өткенім ешқашанда оралмайды.

Бүгінгім өткен өмір бола алмайды.

Кешіріңдер біреуге артық айтсам,

Өкініш өзегіме болар қайғы.

Көзінің тірісінде сыйласыңдар,

Білесің бе өмірде, сыйға сый бар.

Аман болсын достарым, туыстарым,

Өкініштің көпірін қиратыңдар.