Өте ерте заманда бір хан уәзірін сынамаққа оған үш сұрақ қояды. Ол осы үш сұраққа жауап бере алса, оның дәрежесін көтеретінін, ал жауап бермеген жағдайда дарға асатынын айтады. Уәзір шарқ ұрып жауап іздеуге кіріседі. Небір қалың кітаптарды ақтарады. Мың ойланып, тоқсан толғанып аласұрады. Бірақ, жауап табылар болмайды. Басқа еш амал таппаған соң, қарап жатып жан бергенше, уағдалы күн жақындағанда, атына мініп қашады. Сол қашқаннан мол қашады. Әбден шаршап-шалдығып, шамасы біткен жерде жығылып, ұйқыға кетеді.
Сол уақтарда малын жайып келе жатқан бір қойшы айдаладан бір ертоқымымен жайылып жүрген атты көріп, қасына жақындайды. Қараса, жерде өте қымбат киінген бір мырза жатыр. Мұның тегін адам емес екенін білген қойшы жолаушыны оятады. Оянып, амандасқан соң, жөн сұрасады. Уәзір жағдайын айтады. Қойшы үнсіз тыңдап болғасын, бұл кісіні бүкіл мансабынан, ел-жұртынан безуге мәжбүр еткен қандай сұрақтар екенін білгісі келеді.
Уәзір айтқысы келмей: «Саған айтқанда не, айдалада қаңғып жүрген қойшы білетін нәрсе емес. Сен түгілі талай жыл ел басқарған, небір жақсылармен араласып жүрген мен білмегенде, сен қайдан білмексің?» – дейді қойшыға көңілі толмай. «Дегенмен айтып көріңіз, біреу білмегенді біреу біледі, біреу жылайтынға біреу күледі» деген бар емес пе, біз де ойланып көрейік?» деп, қойшы да қоймайды.
Жарайды, «елсізде ит те жолдас» дегендей, уәзір де айтуға келіседі. Сөйтсе, уәзірді елден безуге мәжбүр еткен алғашқы сұрақ: «Ең үлкен шындақ не?» деген екен. Мұны естіген қойшы таңғалап: «Ойбу, шынымен осыны да білмедіңіз бе? Мұны жер бетіндегі барлық адам білмей ме? Бұл – өлім ғой. Елдің бәрі де өлетінін біледі. Бұдан үлкен ақиқат болуы да мүмкін емес» дейді қаңғыған қойшы.
Уәзір үнсіз, ойланып отырып қалады да: «Рас айтасың. Қалай ойыма келмеген! Әрине, басқа не болуы мүмкін?!» деп, қуанғанынан айғайлап жібереді. «Әй, сен екінші сұрақтың да жауабын білетін шығарсың?» дейді қойшының түріне үңіле, үміттене қарап. «Айтыңыз, ойланып көрейік» дейді қойшы жайбарақат қана. «Дүниедегі ең үлкен өтірік не болуы мүмкін?» дейді уәзір асығып-аптыға. Қойшы: «Сіз шынында қызық адам екенсіз. Ең ақиқат нәрсе өлім болғанда, ең жалған нәрсе өмір емес пе? Кім жиған-тергенін өзімен бірге әкете алады? «Менікі» дегеніңнің бәрі біреудікі болып қалмай ма? Жақсы деп ойлағаныңыз жаман, жаман дегеніңіз жақсы болып шығады. «Дүние – жалған» деп бекер айтылған ба?» дегенде, уәзір: «Рас. Дәл айттың. Шынында солай!» дейді.
Ал, енді үшінші жұмбақтың жауабын да ойланып көрші, «дүниедегі ең биік нәрсе не?» дейді бүкіл өмірлік мәселенің бәрін бір қойшымен-ақ шешіп кететініне жүрегі жарыла жаздап қуанған уәзір. Қойшы: «Бұл сұрағыңыздың жауабы да қиын емес екен. Бірақ, мұны мен айтпаймын» дейді қырсығып. Уәзір жалына бастайды. Тіпті, бүкіл байлығының тең жарымын бере салатынына уәде береді.
Қойшы: «Сізді өлімнен арашалай алмаған байлық маған опа бере қояды деймісіз? Керек емес, өзіңіз пайдалана беріңіз» дейді. Уәзір не қаласа да қолынан келгенінше орындайтынын айтып жалынып-жалпаяды. Қойшы: «Менің бір ғана шартым бар, менің төбетіммен бір астаудан тамақ ішсеңіз, жұмбағыңыздың жауабын айтайын» дейді.
Қу сүйек үшін қырылысып жататын итпен бір астаудан тамақ ішудің оңай шаруа емесін білсе де, алтын табақтан тамақ жеп үйренген ақсүйектің итаяқтан ас ішуі қанша қорлық болса да, уәзір байғұс қу жаны үшін ләж жоқ келісуге мәжбүр болады. Ақыры итшілеп жатып қойшының шартын орындапты.
Сонда қойшы: «Дүниедегі ең биік нәрсе – мақсат. Сіз өз мақсатыңызға жету үшін қанша қиын болса да, итаяқтан ас ішуге келістіңіз. Барлық жаратылған нәрсенің өз мақсаты болады. Мақсатсыз ештеңе жаратылмайды» депті. Ал, адам баласын Аллаһ Тағала Өзіне ғана құлшылық жасау үшін жаратқан екен. Соны мойындамай, бүкіл өміріндегі негізгі миссиясын орындамай, босқа уақыт өткізіп, ақіретте Алланың алдына барған адам не деп ақтала алмақ? Мұны ойламай жүргендерді қалайша ақыл иелері деп айтуға болады?