Найти тему
Мурат Сайрамбеков

Естелік.

Бүгін Əкем Жармұхаметтің бұл өмірден қайтқанына тура 30 жыл болды. Жасы небəрі 58-ден 59-ға қараған шағы болатын. 1988 жылдың қоңыр салқын күзі, қыркүйектің 21-нен 22-не қараған түні еді. Күн мен түннің күзгі теңелу кезі. Ал Анам Кəмиланың қайтқанына 23 жарым жыл болды, яғни наурыз айының көктемгі күн мен түннің теңелу кезі. Сəйкестік пе?.

Екеуі 33 жыл бірге ғұмыр кешті. Осы 33 жылда 10 бала ( 4 ұл, 6 қыз ) тəрбиелеп өсірді. Тəрбие болғанда да қандай тəрбие еді! Бəріміздің оқу-білімге деген құштарлығымызды оятты, еңбексүйгіштікке баулыды, сыйластық, жауапкершілік, бауырмалдық сезімі бар кішіпейіл, ибалы мінез қалыптастырды.

Əкем мен Анамның бір-біріне деген сыйластықтары қандай керемет еді! Өмірімде үйде ұрыс-керіс, "ыдыс-аяқтың сылдырлауы" дегенді естіген емеспін. Үйде үнемі гармония болатын. Əкем ылғи оқыған кітаптарынан, газет-журналдардан тəрбиелік мəні бар үзінділер келтіріп, "майын тамызып" тұрып əңгіме айтып отырушы еді. Арасында ақын-жыршылардың өлеңдерінен бірнеше шумақтарды "ол олай дегенде, бұл былай деді" деп айтқанда, қалай ұмытпаған деп таң қалып отыратын едім. Қолы босай қалса домбырасын алып, бірнеше күй, əуен тартып, қоңыр даусымен əн шырқайтын, сол кезде Анам да қосылып айтатын. Каникул кездерінде уақыттарын бөліп бізден қазақ тілі, орыс тілінен диктант алатын, есептер шығаратынбыз, əдеби кітаптар оқитынбыз, сурет салатынбыз, концерт қойып беретінбіз. Соның бəріне көңілдерін бөліп, ерекше бағалайтын еді.

Əкем ата-əжемнің жалғыз баласы болған. Алматының зооветеринарлық институтын тəмамдап, бас зоотехник, совхоз директоры қызметтерін атқарған. Кейіннен денсаулығына байланысты (гипертониялық аурумен ауыратындар совет заманында басшылық қызметте істеуге болмайтын болған) совхозда жеңілдеу қызметке ауыстырылған. Байсалды мінезді, көмегін ешкімнен аямайтын Əкемді бүкіл халық сыйлап, жақсы көрген. Ал Анашым əкесі соғыстан қайтпай қалған соң, өзінен кейінгі бауырларына бас-көз болған, мектепті үздік бітірген соң əкеме тұрмысқа шығып, жоғарғы оқу орнына бара алмаған. Сол оқи алмаған өкінішін ылғи айтып отыратын. Таңертеңнен кешке дейін бір тыным таппайтын еді. Қазір ойлаймын, мамамның сол тірлігін істесем, аһілеп-үһілеп құлайтын едім деп. Қалай шаршамаған?! Үй тірлігінен бөлек əрқайсымыздың туған күнімізге, мектептегі іс-шараларға көйлек тігіп беруге уақыт табатын. Мамамның қайнатып тұрып жасаған құрттарының дəмі ауыздан кетпейді, ұртымызды томпайтып сорып жүруші едік. Əлі күнге дейін мамамның құртындай құрт жеп көрген емеспін. Қазіргі құрттардың бəрін қатықты кептіріп жасай салады.

Айта берсем, естелік деген шыға береді ғой. Шіркін, жазушы болғанымда екеуінің өмірін бір кітап қып шығаруға болатын еді.

Əттең, өмірлері қысқа болды. Əйтпегенде, балаларының ЖОО-нын бітіріп, бір-бір қызметте отырғандарын, ғылым кандидаттары, ғылым докторы, профессор болғанын, əртүрлі марапаттар алып жатқанын, немерелерінің мектепті Алтын белгімен бітіріп жатқанын, шетелдерде білім алып, докторлық диссертация қорғап жатқандарын, егіз ұл немерелерінің өсіп келе жатқанын, əртүрлі олимпиадалардан, спорттан жүлделі орын алып жатқандарын көріп, 12 жасында мектепті бітіріп, университетке түскен немересіне мақтанып, үлкен сахнада атақты əншілермен қатар əн салып жүрген шөбересін көріп қызықтайтын еді. Алдыңғы төрт баладан келін-күйеу балаларын ғана көріп, кейінгі алтауымыздан келіндер мен күйеу балаларын көрмей кетті. Келіндері "ата-енемізге шай құйып, қызмет көрсетпедік" деп армандаса, күйеу балалары "сыйлап, құрмет көрсетпедік" деп армандайды.

Өмірден ерте кетулеріне себеп болған сол Семей полигонының кесірі. Қаншама жылдар бойы радиацияны бойларына сіңдіріп, ақыр соңында айықпас дертке шалдықты (əкем лейкоз, анам бауырдан рак).

Əкем 88-ші жылдың жаз айларында өзінің кететінін сезгендей болды. Үйге газеттер келгенде, "абитуриет-88" деген хабарландырулар шығатын, соны көріп мені шақырып алатын. Өйткені, алдымдағы аға-əпкелерімнің бəрі ЖОО-на түскен, кезек маған келген еді ( мен 8-шімін). "Жазкөнтай, сенің мінезің дəрігер болуға лайық. Сен мединститутқа бар. Осы бастан химия, биологияға жақсылап дайындала бер" дейтін. Ал мен еркелеп "ой, əке, əлі 3 жыл бар ғой, дайындалып үлгеремін" дейтінмін.

"Осы кішкентай қос қызыма жəне кенжеме жаңа қыстық пальто алып берейінші, ылғи ескі киім киеді" деп жазда қанша шарқ ұрып іздегенімен, табылмады, сатып алуға үлгермей кетті. 12 күн ауырды да, қайтыс болды. Ауыратын күні мен түс көрдім, түсімде: бір дəрігер мені аурухананың ең үстіңгі қабатына алып барады да, отырғызып, қолыма тарелка ұстатады, сосын қолына ұзын пышақ алып, менің басымды шауып түсіреді. Шошып, жылап ояндым. Сол күні əкем ауруханаға түсті. Қайтыс болған кезде сол түсім есіме түсті, "басымның шабылғаны - отбасымыздың басы кетеді" дегенді білдіреді екен ғой деп... 😢😭

Əкем мен Анамның жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын. Жандары жəннатта болсын. Аруақтары ұрпақтарын желеп-жебеп жүрсін.

Естелігімді Нәсіпбай Ерғасенов деген ақын атаның Əкем мен Анама арнап шығарған өлеңімен аяқтағым келеді:

Жырларымды бастасам әуел бастан,

Доскеев Жармұхамет өзі дастан.

Жан жары Камиләмен он баланы,

Өсіріп, білім беріп, даңқы асқан.

Жармұхамет – Құндыздының тумасы,

Азаматтық жұмсақ мінез нұр басы.

Камиләмен жас кезінен үй болып,

Ауылды жер шаруасында ел басы.

Асыл туған Камиләдай жолдасы,

Ақылшысы, қамқоршысы, панасы.

Шаңырақтың алтын діңгек тіреуі,

Шуақты нұр, мерейлі жүз данасы.

Ел басқару бар ғұмырын арнаған,

Жамандыққа аяқ аттап бармаған.

Ауыл көркін көтеруде еңбегі,

Ардақты боп ел ішінде танылған.

Алматыдан зоовет институт бітірген,

Ауылына мәдениетті келтірген.

«Майда қоңыр» атанады елінде

Кеудесіне білім нұрын ектірген.

Жұмыс ретін өзен-судай тасытқан,

Үлгі болар ісіне ауыл қаныққан.

Имандылық, еңбекқорлық төзімді,

Өзін-өзі ер батырдай танытқан!

Совхоздардың ірге тасын қалаған,

Ауылды елдің шаруаларын басқарған.

Ақшатауда, Таңсық елді мекенде,

Калининде ізі жатыр тапталған!

Қасиеті көп Жакеміздің бойында,

Ақылдылық, сабырлы да, ойлы да.

«Майда қоңыр» атанғаны текке емес,

Еңбекқорлық, бауырмалдық жайында.