Найти тему
Мурат Сайрамбеков

Жамағатқа сәлем беріп қояйын.

Сәлемімді бердім ағайын,

Ақ домбырамды алайын.

Қабыл алсаң өздерің,

Жырымнан алқа тағайын,

Өлеңнің отын жағайын,

Бойыңа сіңіп, тарайын,

Сән, салтанат кернеген,

Ортаның көрдім талайын.

Қырандай қарап алысқа,

Тұлпардай түскен жарысқа,

Жыр айтамын жұлқынып,

Ұшатын жандай ғарышқа!

Дауысым тауды аралап,

Айдын да көлді жағалап,

Қалықтап ұшқан әнімді,

Халқым да отыр бағалап,

Арылшы, жырым, кілкілде,

Бүлкілде, көмей, бүлкілде!

Салдырмай қамшы, шаба түс,

Шаршамайыншы бір түнге.

Былбырап денем терлегей,

Жүректі шабыт кернегей,

Қанатым биік сермегей,

Ұшса егер қанатым,

Сусылдатып қағатын,

Айдыннан ұшқан аққу құс,

Көмейден жыр боп таматын,

Жырдан бақыт табатын,

Жаратылған тұлпардай,

Күні мен түні шабатын,

Мен боламын, Набатың!