Қалайсыз мама...
Сіз жақта бəрі жақсы ма..
Қыс жетіп, аппақ ақ ұлпа қар басты ма?!
Періште сынды мейірбан едің тірлікте,
Қуанып жұмақ...
Қақпасын сізге ашты ма..?!
Қалайсыз мама...
Мінезге бай ең сымбатты...
Ажалдың оғы жалмады ма, тым қатты..?
Жұмада жерге жамбасың тиген еді ғой
Сұраусыз кіріп...
Араладың ба гүл бақты?
Ата-анаңа, жарыңа сүйген кезігіп
Пейішке кіріп...
Жайлылық жанға енді ме,
Гул теріп əкем,күлімдеп таяу келді ме?!
Анаңыз өрген, жотаңда жатқан бұрымға,
Жұмақтың гүлін ақырын тағып берді ме?!
Білем ғой мама...
Алаңдап жүрсің қарайлап,
Өзіңмен бірге алыстап кеткен талай бақ.
Жаулығың желмен желбіреп өзің жүрмесең,
Сұрықсыз суық көрінеді екен...сарай жақ!
Сағыныш деген...
Қажытты мама, тек мені...
Бақшаңа биыл ешкім де жеміс екпеді
Сақырлап қайнап тұрса да сары самаурын,
Қолыңнан ішкен күрең шайыңа жетпеді...
Өзіңсіз мынау...
Шарпығандай ма ғаламды от,
Жүрердей көргем,
Қасымда дəйім, аман боп.
Шөңгеге емес, шеңгелге құлап жатсам да
"Құлыншағым"деп, ұмтылып келер ешкім жоқ!
Солай ғой мама...
Үйіңнің кетті күйі шын,
Өзіңді іздеп шарқ ұрам кейде үй ішін.
Орамалыңды құшақтап жатып ұйқтаймын,
Жұмақтан жетіп жатқандай ғажап иісің.
Сағыныш, аңсау...
Санамда сансыз арбасты,
Күндерге-айлар, айларға- жылдар жалғасты.
Ізіңді іздеп, бақшаны кезіп жүруші ем,
Əттең- ай əттең...
Оны да мынау қар басты..!
Есімің есте
Сағыныш қанша жырда жүр,
Қарайлап тұрсаң,
Қам көңілімді тыңда бір.
Омырауыңа басымды қойып соңғы рет,
Шерімді айтып...
Жылағым келіп тұр қазір..!
Осылай мама...
Өткізген сізсіз жəйіміз,
Қалпыма түсем...
Қайрылмай маған қайтыңыз.
Жұмақта жүрсең, жердегі мен де мəзбін ғой,
Айтпақшы мама...
Əкеме сəлем айтыңыз!!!