Қытай қатеріне-жол жоқ!
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙЫ
Бәріңіз білетіндей үстіміздегі жылғы 1 маусымда ел астанасына аймақтардан жиналған қоғамдық ұйым өкілдері, патриот, белсенді азаматтар Халық Құрылтайын өткізді. Ол жерде қабылданған шешім бойынша, Халық Құрылтайы Қазақстан жұртшылығының қоғамдағы маңызды істерге көзқарасын айқындайтын, талап-тілегін билікке жеткізетін және оның жүзеге асырылуын қадағалайтын жиын болып табылады. Құрылтайдың кезекті талқылауы 2019 жылғы 7 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді деп ұйғарылды.
Құрылтайдың күн тәртібіне ұсынылған мәселелер:
1. Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас: Тәуелсіздікке, мемлекеттілікке төнген қатер туралы;
2. Елдегі экономикалық, саяси ахуал туралы.
Елін сүйген, жерін сүйген ерлер бас қосатын алқалы жиынға Қазақстанның барлық аймақтарындағы белсенді азаматтарды шақырамыз! Бірлік пен ұйымшылдықтың, батылдық пен табандылықтың үлгісін танытайық! Жемқорлықтың, сатқындықтың жолын кесіп, Отанымызды қорғайық! Құрылтайға келіңіз, қатысыңыз, мәселені бірге талқылаңыз!
Ұйымдастырушылар тобы: Балташ Тұрсынбаев, Рысбек Сәрсенбай, Серікбай Әлібаев, Қуаныш Мұқтай, Ержан Тұрғымбай, Ермұрат Бапи, Ырысбек Тоқтасын, Жанат Нұркишев, Мамырбай Орыс, Дулат Ағаділ, Абдуәли Тағай, Іңкәр Тиыштыбаева , Асанхан Исқақов және басқалар.
ЕСКЕРТУ!
Әлеуметтік желілерде Сырым Әбдрахманов таратып жатқан «Жалпы ұлттық құрылтайдың» негізгі ХАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫНА ешқандай қатысы жоқ! Ақ ордадан шыға келіп, атойлап жар салған жарнамашының 30 тамыздағы «жалпы ұлттық» құрылтайы биліктегілердің жұртты шатастыру үшін ойлап тапқаны немесе көзге түсіп қалуға құмарлардың атүсті шешімі болса керек.
Нағыз ХАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙЫ Алматы қаласында, 7 қыркүйек күні сағ. 11-де Әл –Фараби даңғылы, 21-дегі ғимараттың 1-ші қабатында (кіші Желтоқсан к-сімен қиылысында) басталады.