Оңтүстік Корея қаншама Қазақстандық жастардың арман еліне айналып отыр. Таңғы балғындық елі — менің де арманым. Оған себептер көп... Бүгін осы жайлы әңгіме айтайын.
1. Медицина
Оңтүстік Корея — медицинасы дамыған мемлекеттердің қатарында көш бастап келе жатқандардың бірі. Елімізде қиын саналатын операциялар, ол елде жеңіл болуы мүмкін. Көптеген оперциялар қолмен емес, арнайы аутоматты құрылғылармен жасалады. Медицина саласындағы соңғы жаңалықтар, соңғы құрылғылар бірден елге жеткізіліп, сыналады. Десе де медициналық қызмет көрсету бағасы шарықтап тұр. Кореяда жедел жәрдем шақырту — қалтаңдағы ақшаңнан қағылу деген сөз. Бірақ көрсетілетін көмек сапасы бағасына тұрарлық екендігі анық. Мақсатым: сол елде тәлімдеме алып еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жаңа өзгертулер енгізу.
2. Тарих
Корей елінің тарихы толығымен аңызға айналған. Мен Корей тарихына қызығып та, қызғана да қараймын. Олардың тарихы біздікіндей бай емес, алайда олар аңыз тарихын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Корей түбегіндегі алғашқы мемлекет - Кочосон (Ежелгі/Көне Чосон) б.з.д. 2333 жылы құрылған, алайда бұл жайлы мәлімет тек аңыздарға сүйене айтылған. Олардың тарихы жазба күйінде қалған. Міне осы мені қызғандырады әрі қызықтырады. Кореяда ол кезде енді ғана алғашқы мемлекет құрылса, бізде ол уақытта Арқайым протоқаласының негізі салынған (III-II мыңжылдық). Арқайым қаласының болғандығы тайға таңба басқандай анық, археологиялық ескерткіштер қалған, десе де ол жайлы ешкім ештеңе жазбайды. Ал Кочосон мемлекетінің бар-жоғы белгісіз, ол тек аңыз, десе де ол жайлы неше түрлі кітаптар жызылып, дорамалар түсірілуде. Міне осы бір жайт мені ашындырады. Бұл сол заманның өзінде біздің тереземіз Кореямен тең түскендігін айқындайды, алайда әттең ең болмаса жазба аңыздар қалмаған.
3. Мәдениет
Корейлер қаншалықты өрекениетті мемлекет болса да, ешқашан мәдениетінен, салт-дәстүрінен айырылған емес. Сан ғасырлар бойы ұстанған салттарын әлі ұстанып келеді. Олар ағылшын тілін жетік білсе де бір-біріне "Hello!" деп қолын сермемейді, "аннёңхасео" деп басын иеді. Олар күнде ұлттық киімдерін кимесе де, салт-дәстүрлерін орындарда ханбок киеді. Корейлердің мықты тұсы осы! Қазақтың алдына алтын жалатылған қасық пен ет қойып, ал корейдің алдына алтын шыңышқы мен қос таяқты беріп, рамён берсеңіз, қазақ қасықпен, корей таяқпен жейді. Ол айдан анық. Неге? Себебі біз мәдениеттіміз ғой! XXI ғасырда қолмен жеп не болыпты?! Ал корей ата-бабасы қалай жесе солай жейді. Міне мәдениет!
3. Дорама
Ер баланың дорама көретіндігі таң қалдыратын шығар, алайда мен шынымен қатты ұнатамын. Көбіне тарихи, фантастикалық және тақырыптық (медицина, әскери) қараймын. Себебі сценарий өте жеңіл әрі қабылдауға да жеңіл. Олар ешқашан жерде жататындығын, сарайларын, ауылды мекендерін мазақ етіп көрсетпейді. Дораманы қарап отырсаң Кореяға жетер ел жоқтай сезім сыйлайды. Ал біздікі ше? Ауылды масқаралау, келін мен ененің шайқасы, орыс тілін білмейтін ауылдықтар, тағысын тағы. Содан кейін келіп, шетелдіктердің "қазақтар қап-қара, сасық" деген сөздеріне ренжиді. Олай көрсетіп отырған өздері екендігін мойындағысы да келмейді. Кореяда бәрі дорамадағыдай деп ойласаңыздар, қателесесіз. Ол жақта да жұмыссыздық бар, ол жақта да біздің "ауылский мамбеттер" бар. Бірақ ол жайлы сериал/фильм түсірудің қажеті қанша? Түсірсең де олардың орысша білмейтіндігін, боқтампаздығын емес, тек шынайы өмірін түсір. Орысша білмеу ұят емес, қазақ тілін білмеу ұят, ағайын!
4. Ақпараттық технологиялар
Бүткіл әлем жастары екіге бөлінеді: біреуі iPhone қолданушылары, енді бірі - Samsung қолданушылары. Бұлай бөліну негізі дұрыс емес. Не iPhone vs Galaxy деп, не Apple vs Samsung деп бөліну керек, себебі iPhone ол тек смартфон моделі, ал Samsung - компания (чеболь) атауы (олар телепонды да, мәшінені де, теледидар, үтік, тоңазытқыш сияқты дүниелерді де шығарады). Өз басым Samsung өнімдерін қолданамын. Кореяда ақпараттық технологиялардың дамығандығы соншалық, қарапайым кафенің өзінде (кейбір) сізге даяшы емес, робыт қызмет көрсетеді. Үстелдің ішіне енгізілген компьютер арқылы қажет тағамыңды таңдайсың, ал робыт алып келеді. Ақылды үй, ақылды мәшіне, жасанды интеллект, робототехника, баламалы электр энергиясы, не керек барлығы бар!
5. Тіл
Сізге қызық естілер, бірақ мен корей тілін құрметтеймін. Корей тілі жапон, қытай тілдерімен қатар тұратын өміршең тілдердің бірі. Корей тілі біздің тіліміз сияқты өлім алдында тұрған жоқ. "Неге?!" дейсіз ғой... Себебі корей тілі ешқашан шет тілден енген сөзді біз сияқты дәл сол қалпында енгізбейді, өз заңдылықтарына сай бейімдеп барып енгізеді. Олар бізді Каджахысытан, кофені копе, Францияны Пылаңсы деп айтады. Тілде небәрі 24 дыбыс қана бар. Көп тілдік ерекшеліктері біздікіне ұқсайды. Сондықтан корейлер өз елдерін Корея Республикасы деп атамайды, Тэханмингук (Ұлы Хан халқының Елі) деп атайды. Бұл Елбасы ұсынған "Қазақ Елі" атауы сияқты, тек ел ішінде қолданылатын атау. Корея барлық әлем елдері үшін Корея Республикасы, ал ел ішінде Тэханмингук, Хангук (Хан елі) немесе Тэхан (Ұлы Хан) деп аталады. Сөз арасы: Жапонияның өз атауы - Ильбон, Қытайдыкі - Жұңхуа. Бұл арқылы аталған тілдердің дербестігін байқауымызға болады.
6. Білім
Хан елінде 6 жыл бастауыш, 3 жыл орта мектете білім алу міндеттеледі. Ал жоғарғы мектеп (3 жыл), колледж (2 жыл) және университет (4 жыл) міндеттелмейді. Алайда жоғарғы білімсіз табысты жұмыс орнына тұру мүмкін емес болғандықтан, оқу керек. Мен білім жүйесі жайлы толық айтып отыра алмаймын, тек маған ұнайтын ең маңызды тұстарын айтайын. Кореяда оқу жылы екі семестрге бөлінген: көктемгі (наурыз және шілде ортасы) және күзгі (тамыздың соңы мен ақпанның ортасы). Бастауыш мектепте 3-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Елде дене шынықтыру пәнін оқыту мәселесі маңызды емес, тіпті кей мектептерде спорт құралдары да болмайды. Жоғарғы оқу орындарына түсу өте қиын, сондықтан көбіне білімділер ғана түседі. Сондай-ақ Корея Республикасы барлық білім мекемелеріне қолжетімді интернет орнатқан алғашқы мемлекет.
7. Архитектура
Корея өзінің зәулім ғимараттарымен қатар тарихи сарайларымен де танымал. Сол сарайлардың ішіндегі ең көне әрі танымалы 1394 жылы Чосон әулетінің тұсында салынған Кёңбоккуң сарайы. Түсінемісіз? Дәл осы сарайды осыдан бірнеше ғасыр бұрын патша, патшайымдар, уәзірлер аяқ басып жүрген. Дәл осы сарайды түрлі саяси шешімдер, адамдардың тағдыры шешілген. Айтарға сөзім жоқ! Корея менің арманым!
Жалпы қорытындылайтын болсақ, Корея — өркениетті, инфрақұрылымы дамыған, барлық саладан алғы орындарда келе жатқан, десе де өзінің түпкі тарихы мен мәдениетін сақтай алған мемлекет. Хан елінің шамдарға толы түнгі қалаларында серуіндеп, сакураның гүлдегенін тамашалап, сонау Чосон әулеті билеген кезден бері сақталған сарайды аралау мен үшін нағыз ләззәт. Сол себепті Ұлы Хан халқының елі — менің арманым!