Найти в Дзене
erekepost

Софттар зиратында. Есек

«Марқұм — аяулы әке, сүйікті жар бола алды ма? Әрине жоқ!» О. Бендер Паниковскийдің жаназасында - Қатты да қалды! - Система да қатып қалды! - Төрт рет ашып-жаптым, фотолар бәрібір кетпей, қатып тұр! - Қатып тұр! - Қатып қалды! - Қатып тұр! - Қатып қалды... Dial-up интернеттің заманында Internet Explorer браузері тұрған компьютер класында осындай айқай-шу болып жататын. Қызығы, дүниеде басқа браузер болуы мүмкін екенін білмегесін, нашар жұмысты Internet Explorer-ден емес, өзімізден әлде «Қазақтелекомнан» көруші едік. Расы керек, «Қазақтелеком» да кінәлі кездер көп болды. Әйтеуір, жұмыстың баяулап қалғанына браузерді жазғыру ойымызда болған жоқ. Бір күні, «интернетке «Netscape Navigator» деген программа бар, жынды екен» деген қауесет шықты. Қиямпұрыс әдістермен тауып алып, көрдік. Себебі ол кезде қазіргі үйреншікті Google бар болғанымен, мыңдаған басқа сайттар сияқты бізге белгісіз еді. «Netscape Navigator» ұнамады. Себебі... біздің тапқанымыз тек ағылшын тілінде еді. Кейін білгенімізде

«Марқұм — аяулы әке, сүйікті жар бола алды ма? Әрине жоқ!» О. Бендер Паниковскийдің жаназасында

- Қатты да қалды!

- Система да қатып қалды!

- Төрт рет ашып-жаптым, фотолар бәрібір кетпей, қатып тұр!

- Қатып тұр!

- Қатып қалды!

- Қатып тұр!

- Қатып қалды...

Dial-up интернеттің заманында Internet Explorer браузері тұрған компьютер класында осындай айқай-шу болып жататын. Қызығы, дүниеде басқа браузер болуы мүмкін екенін білмегесін, нашар жұмысты Internet Explorer-ден емес, өзімізден әлде «Қазақтелекомнан» көруші едік. Расы керек, «Қазақтелеком» да кінәлі кездер көп болды. Әйтеуір, жұмыстың баяулап қалғанына браузерді жазғыру ойымызда болған жоқ.

Бір күні, «интернетке «Netscape Navigator» деген программа бар, жынды екен» деген қауесет шықты. Қиямпұрыс әдістермен тауып алып, көрдік. Себебі ол кезде қазіргі үйреншікті Google бар болғанымен, мыңдаған басқа сайттар сияқты бізге белгісіз еді.

«Netscape Navigator» ұнамады. Себебі... біздің тапқанымыз тек ағылшын тілінде еді. Кейін білгеніміздей, мұхиттың ар жағында әлдеқашан «браузерлер шайқасы» басталып кеткен екен.

Ақыры қу Microsoft бұл бақталасын өлтіретін қарапайым әдіс тапты. Ол Internet Explorer-ді Windows жүйесіне бірден енгізіп жіберуді шығарды. Мұны Netscape Navigator көтере алмады. Тек бір браузерден тамақ табатын компания әлемдік тажалдың алдында не істесін.

Рас, кейін Билли Гейтс монополиямен күрес шенеуніктерінің қаһарына ілікті. Бірақ Netscape Navigator содан оңған жоқ.

Кейін Firefox, Chrome, Safari, Opera сияқты браузерлер тарала бастаса да (шамамен, ADSL-байланыс кең тарай бастаған 2004 жылдан бастап), қазақстандықтар Internet Explorer-ге әбден отырып үлгерді. Бұған ескі оқыту бағдарламалары мен бір білгенімен зейнетке дейін өмір сүрмек самарқау информатиктер сеп болған шығар. Ал тек Internet Explorer талап ететін меморгандардың сайттары ше, естеріңізде ме?

Firefox пен Chrome қолданатындар Internet Explorer-ге «есек» деген ат қойды. Ал смартфондар әлемінде есекке еш орын табылмады. Жазған құлдарыңыз Windows CE негізіндегі HP iPAQ смарфтонын ұстаған. Есекті гаджеттен алғашқы және соңғы рет сол жерден көргем. Құрыған смартфон еді. Интернетті одан шолғаннан, телевизордан интернет туралы деректі фильм көрген жақсы шығар.

Кейін, есесін қайтаруға тырысқан Microsoft есекті гүлдендірді дейді. Білмеймін. Ақыры ребрендинг жасамақшы болған Microsoft атауын «Edge» деп өзгертіпті. Қарамаппын. Себебі логосындағы «e» әрпі біздің санамызда «есек» сөзінің бас әрпі ретінде ғана қалыпты.

Не дейін? Сені ешкім ешқашан жақсы көрмеген, жақсы көретін де түрі жоқ. Трагедия. Көрген түстей өте шықтың, әрі қарай мәңгіге ұмытамын деген үміттемін.