Найти в Дзене
erekepost

Абстракцияның күші

«О, Жер, адамға тағзым ет!» © Олжас Сүлейменов Адамды адам еткен — абстракция. Жануарларда абстракция бар-жоғын білмеймін, бірақ бардан гөрі жоқ шығар деген ойға бейілмін. Себебі адамнан әлдеқайда икемді мақұлықтарда абстракция болса, жаратылыс патшасы атағы адам баласына ешқашан тие қоймас. Біз бала күнімізде санау үйренеміз. Бір, екі, үш, төрт... Таяқшамен, әлде судың қақпағымен санап машықтансақ та, кейін сандарды барлық нәрсеге қолданамыз. Біреу жүз гектар жермен жұмыс істейді, біреу жүз адамнан тұратын компания басқарады, ал базбіреу жүз бас қоймен нәпақа табады. Егер абстракция болмағанда, сен қадам санауды бөлек, кітап санауды бөлек, адам санауды бөлек, ақша санауды бөлек оқуға мәжбүр болар едің. Күлкілі, иә? Бірақ осылай. Жануар-жәндіктің абстракция қабілеті туралы оқыған жоқпын. Баяғыда бір кітаптан, сіріңкенің қорабында жатқан бес түйір жұмыртқаны көрген құмырсқа, аздан соң тура төрт құмырсқа ертіп келіп, тасып әкеткендері туралы оқығанмын. Ендеше адамнан бөтен тіршілікт

«О, Жер, адамға тағзым ет!» © Олжас Сүлейменов

Адамды адам еткен — абстракция. Жануарларда абстракция бар-жоғын білмеймін, бірақ бардан гөрі жоқ шығар деген ойға бейілмін. Себебі адамнан әлдеқайда икемді мақұлықтарда абстракция болса, жаратылыс патшасы атағы адам баласына ешқашан тие қоймас.

Біз бала күнімізде санау үйренеміз. Бір, екі, үш, төрт... Таяқшамен, әлде судың қақпағымен санап машықтансақ та, кейін сандарды барлық нәрсеге қолданамыз. Біреу жүз гектар жермен жұмыс істейді, біреу жүз адамнан тұратын компания басқарады, ал базбіреу жүз бас қоймен нәпақа табады. Егер абстракция болмағанда, сен қадам санауды бөлек, кітап санауды бөлек, адам санауды бөлек, ақша санауды бөлек оқуға мәжбүр болар едің. Күлкілі, иә? Бірақ осылай.

Жануар-жәндіктің абстракция қабілеті туралы оқыған жоқпын. Баяғыда бір кітаптан, сіріңкенің қорабында жатқан бес түйір жұмыртқаны көрген құмырсқа, аздан соң тура төрт құмырсқа ертіп келіп, тасып әкеткендері туралы оқығанмын. Ендеше адамнан бөтен тіршілікте абстракция болуы да мүмкін. Бірақ дәлелім жоқ.

«Зат» ұғымы да абстракцияның жемісі. Есепші «заттарды» есептеп үйренеді де, сосын өмір бойы астық фирмасынан бастап, құс фермасына дейін көшіп жүре береді. «Зат» тағдырдың тәлкегіне байланысты ауысып тұрады да, ал оны есептеу әдісі өлгенінше бірдей болып қалады.

Айтпақшы, неге екені белгісіз, біздің елде абстракция қабілеті ақын-сақын сияқты өнер адамдарының немесе гуманитарийлердің меншігі болып есептеледі (тұрмыстық деңгейдегі ойлар осындай). Бұл барып тұрған найсап өтірік. Абстракция инженерлердің ең басты құралы. Ал бүгінгі ғаламат ақпарат ағынында абстракция қабілетінсіз аттап баса алмайсың.

Мынадай эксперимент жасап көріңіз. Смартфон әлде компьютер жөндейтін жастардан электр тогының корпусқа кететін полюсі қайсы екенін сұраңыз. Мен сұрадым. Қызық айтайын: сұраған адамдарымның тоқсан тоғыз проценті электроника тұрмақ, қарапайым электр тізбегінен хабарсыз. Мұны қазымыр қазақстандық шенеунік білсе, «масқара, ләмпішке жалғай алмайтын адам қайдан смартфон жөндейді, тез арада төрт миллиард бөліп, жаппай электр сауат ашуға жіберу керек!» деп, азар да безер болар еді. Бірақ шындық - олардың смартфонды тамаша жөндейтінінде жатыр. Тағы да — ұлы абстракция.

Сен өзіңнің қандай керемет биомашина екеніңді білсең ғой, Адам!