(жылнамалар мақамымен) 1995 жылы Абайдың («ұлы» деген анықтауышын қыстыра жаздағанымды қарашы) 150-жылдығы тойланатын болды. Мен үшін — дәл осы жылы Қазақстанда орыстілді әлем мен қазақтілді әлем алғаш рет бетпе бет кездесті. Дәлірегі, орыстілді-еурорухты Қазақстанға — қазақтілді қазақтар бары кәдімгідей жаңалық болды. Жоға, олар қазақ пен оның руханият сияқты бірдеңесі барын бұрын да сезетін; бірақ оны канттық-гегельдік дүниетанымның жетілмей қалған жекелеген салдары деп ойлайтын. Ойлайтын деппін ғой, ашық та айта беретін. Алайда қазақтілді әлемнің рухани сұранысы болатыны, оның да адам сияқты — өмір мен өлім арасын, ақ пен қараны, ауыр мен жеңілді екшеп, сөз етіп отыратыны орыстілді Қазақстанды абдыратты. Олар алдымен таң қалды, сосын ашуланды. Себебі тойлауға тиын-тебен сұраған әкімдіктің ұзын қолы олардың да қалталарын сипай бастап еді. Мұны қайдан білесің дейсіңдер ме? Тап сол жылы Алматыда болып, дәл осындай - жаңамәңгүрттер мен ескіқазақтардың үйінің арасында жүріп едім. Әлқисс