Найти тему
erekepost

Хардтар зиратында. BNC-коннектор мен коаксиал кабель

5G туралы әңгіме шығып жатқан заманда, бастауында тұрған марқұм технологияларды бір еске алып қойсақ. Солардың бірі - BNC-коннектор мен коаксиал кабель.

Аршысаң - алба-жұлба болып кететін шашы бар коаксиал кабельді ауылдан жек көріп келген бетіміз еді. Естеріңізде ме, зеңбіректі нысанаға келтіргендей баптау қажет ауылдағы телевизордың антеннасы? Ендеше сол антеннаға жалғанатын коаксиал кабель де санада — сұрқай өмірмен, технологиялық жүдеулікпен бірге әбден бекіп қалған. Қолда бар — асхана пышағы, атауыз сияқты жабайы құралдарға көне қоймайтын кабель еді ғой. Өзектегі сымын шығарсаң, өріліп қапталған сымы Дудардың басындай дудырап, қолмен біріктіруге тура келетін. Бармақты ине сияқты пісіп алатынын айтпаса да болады.

Жап-жарық, аппақ кабинеттегі аппақ компьютерлерді көргенде, «қош енді, көрмегенім сен болсын лампы телевизор мен коаксиал кабель!» дегенбіз. Компьютерлердің өзара байланысатынын сезуші едік («интернет» деген, «локал желі» деген бірдеңелер барын еміс-еміс естіп қалатынбыз). Бірақ компьютердің артына үңіліп, өзімізге шамадан тыс таныс коаксиал кабельді көргенде, көңіліміз су сепкендей басылды. Ауылдан артымыздан қуып келгендей әсер қалдырды. Бірақ бұл әлі азаптың басы екен.

Кейін коаксиал кабельмен локал желі тартқанда көресіні көрдік. BNC-коннекторға кабельдің бұрымының бес тал сымы сыймай қалса да — компьютер желіден жоғалып кететін! Әрі, ол кездің локал «желісін» еске салып жіберейін. Компьютерлер қазіргідей хабтар (концентратор) арқылы емес, бірі-бірі арқылы жалғанатын! Яғни, менен шыққан сым — саған кіреді, сенен шыққан сым — оған кіреді, сөйтіп, компьютерлер шеңбері пайда болады («шиналық топология»). Ал енді осы шеңбердегі компьютерлердің бірі бұзылып қалса, сөніп қалса — оған дейінгі комптар желіден жоқ болып кетеді! Азабы көп болды, кейде ауылдағы арты ашық телевизорыңды сағындыратын.

Не керек, осы күнгі UTP-кабельмен жылап көрістік. Көпке дейін «ISA-плата», «коаксиал», «BNC» деген сөздерді естігенде шошып жүрдік.

Ендеше, мынау радиотолқындар біржола атқа мінген заманда, wi-fi үстемдік құрған дәуірде, өмірден ләззат ала біл, оқырман!

Ал мен алғаш рет зират басынан қиярлықпен («қимастықпен» дегенге антоним шығарып алдым осындай) кетіп барам.

С подпиской рекламы не будет

Подключите Дзен Про за 159 ₽ в месяц