Медициналық технологиясы дамыған елдерге мүше трансплантациялау таңсық емес. Технологияның танабын қуырып, тілін тапқан Батыс пен АҚШ-та адам мүшелерін ауыстыру қарапайым отаның деңгейінде ғана қарастырылады. Бізде ше? Медицина саласының жаңашыл жүйелеріне қоғам жатырқай қарамағанымен, түбегейлі бой үйрете қойған жоқ. Неге? Соның себебін іздеп көрелік.
Қазақ «ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дейді. Күлді көмеш күнкөрістің күйбеңінде жүрген адам күндердің бір күні қалай мұрттай ұшқанын байқамай қалатыны бар. Ауру ен жаймай тұрып, оның алдын алудың орнына кегежеміз кейін тартып, дәрігер алдынан өтудің өзін қомсынатынымыз жасырын емес. Иініңе киім ілінбей, әлің құрып, жүдегенде, тамаққа тәбетің тартпай, ұйқыңнан мән қашқанда барып «байлық байлық емес, бар байлық – денсаулық» екенін ұғынасың. Бүгінгі күні елімізде жүрек ауруларынан 1300-ге жуық адам жапа шегіп отыр.
Бауыр ауруларына шалдыққан 1200-ден астам адам бар. 2000-дай науқас бүйрек ауысты руға мұқтаж. Бұған қоса 3 мыңға тарта бүлдіршін жүрек сызаттарымен өмірге келеді (жүрек ақауларымен өмірге келген сәбилердің 80 пайызы 1 жасқа жетпей шетінеп кетеді екен). Қазақстандай бас аяғы 16 миллионға жетер-жетпес мемлекет үшін бұл күн тәртібінде тұрған жанайқай жайт. Біздіңше, осы статистиканың өзі суып кеткен сияқты. Себебі, науқастардың барлығы дерлік трансплантацияның күту қағазына тіркелген. Бірақ, күту қағазына тіркелген науқас егер донор табылмаса, бар-жоғы жарты жыл өмір сүреді екен...
Жасырып-жабары жоқ, елімізде әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан азаматтардың саны алаңдатарлық. Егер ресми статистиканы сөйлетер болсақ, қазір Қазақстанда 100 мың адамға шақ қанда 325 науқасты құтқарып қалу мүмкін болмай отыр. Ал уақыт оздырмай трансплантацияны қажет ететіндердің арасында жасы әлі 30-ға да іліге қоймаған жастар көп. Дау жоқ, дабыл қағатындай-ақ жағдай. Иә, мұндай операцияларды жасауға келгенде шетел діктердің тәбеті ашылып кете ді. Мәселен, бауыр алмастыруға 350-400 мың доллар, жүрекке 300 мың долларға жақын қаржы сұрайды. Ал, ауыр науқасқа шалдыққан дардың көпшілігі аспаннан ақша сауып отырмағаны анық. Оның үстіне бұл қаржы операция жасалуға ғана жұмсалады. Демек, мұның сыртынан жамалатын шығындары да шаш етектен деген сөз.
Заман озады, заң тозады. Дәл бүгінгі күні отандық медицина саласына жаңа инновацияны, оның ішінде заманауи ота жасауды енгізудің қажеттілігін дер кезінде аңғарған біздің ел осыдан үш жыл бұрын «Трансплантация туралы» заң қабылдады. Түсінікті тілмен айтқанда, содан бергі уақытта Қазақстанда мүше ауыстыруға заңдық тұрғыдан еш кедергі жоқ. Заң күшіне ене салысымен елдегі 50-ден аса маман 50 адамға жүрек трансплантациясын жасаған, бұл істе ТМД елдері арасында теңдесі жоқ Белоруссияға барып, тәжірибеден өтіп келді. Ал Алматыдағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы елімізде тұңғыш рет жүрек пен бауыр трансплантациясын жасады. Медицинада тәуекелге барудың арты соқпақ, үміттен бұрын үрей туғызады. Ал жүрек пен бауырды ауыстыру жүрдім-бардым қарайтын іс емес. Орталық дәрігерлерінің трансплантациялау мәселесіне он ойланып, жүз толғанып келгені сондықтан. Жалпы, елімізде бұған дейін мүше ауыстыру бүйрек ауруына шалдыққандарға ғана жасалып келді. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы 1978 жылдан бері 600-ден астам донорлық бүй рек трансплантациясын жасаған екен. Орталық мамандарының сөзіне қарағанда, әлемде әр миллион адамның 10-ында жүрек кінәраттары бар. Ал Қазақстан көлемін де жүрек ауыстыру бойынша жылына 150-160-қа жуық операция өткізілуі тиіс. Жасалу жиіліктері жағынан жүрек операцияларынан кейін әлемде бауыр трансплантациясы тұр. Маңыздысы өмір мен өлім ортасында тұрғандардың оталардан кейін тірі қалуы 90 пайызды құрайды екен. Алайда әзіргі күні жүрек пен бауыр транс плантациясының жетіле түсуіне ең алдымен донордың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Көлденең тұрған қоғамның өзі деседі дәрігерлер. Неге? Өйткені трансплантация процесіне негізінен жол апаты не болмаса басқадай нәубетке ұшырап, өлім алдында жатқан, болмаса көз жұмған адамның аман қалған мүшелері алынады. Қазақ қоғамы қайтыс болған адамның денесін кескілеп, ағзасын өзге біреуге ауыстарғанды ділі мен дініне жат деп қабылдайтыны жасырын емес. Бұған бір жағынан біздің осы мә селеде әлемдік даму үдесінен кеш қалға ны мыз да себеп болып отыр. Әзір елімізде трансплантация жасаудың 25-30 пайызы ғана медициналық тұрғыдан шешiлсе, өзгесі заңнамалық, адамгершiлiк пайым-парасат және дiни түсінікке келiп тiреледi екен.
ТҮЙІН:
– Қайғылы жағдайға душар болған науқастың сау мүшелері ешбір рұқсатсыз алынуы мүмкін дейді. Бұл қаншалықты рас? Трансплантацияны сөз еткенде адам мүшесін заңсыз саудалау өріс алып кетпей ме?
Энвер СҰЛТАНОВ,
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының
ағза ауыстыру бөлімшесінің меңгерушісі:
– Ел азаматтары ең алдымен ауруы асқынған адамның бойына дәрі-дәрмек дарымаған жағдайда, тек ағза ауыстыру арқылы ғана көмек бере алатынымызды түсінуі керек. Қазір жүздеген, мыңдаған науқас трансплантацияның күту қағазына тіркелген. Олар біздің қоғамнан жақсылық күтіп отыр. Олар да өмір сүргісі, өмірге ұмтылғысы келеді. Ал ағза ауыстыру оталары толықтай мемлекет бюджеті есебінен жүзеге асатындықтан, ағза сату жөніндегі әңгіменің жөні жоқ. Аса қажетті ағзалар апатты жағдайда қаза болған адамдардан алынатын болады. Оның өзінде біз органды өлім халіндегі адамның рұқсатымен, ол мүмкін болмаған жағдайда туған-туыстарының шешімімен ғана пайдалана аламыз. Біздің ниетіміз адал. Адам өмірін сақтап қалу. Тек бұл ісімізді қоғам дұрыс түсінсе жөн.