Алтынбек ініме
Ағамның еркелеткен кенжесі едің,
Су ішкен ернегімен бір кесенің.
Ізіме ерген асыл інім менің,
Тіледім тілеуіңді күн де сенің.
Жете ме арманына талпынбаған,
Ұнайды өрге ұмтылған қалпың маған.
Атамнан құт боп қалған қара өлеңді,
Жалғаушым, шабыттанса жарқылдаған.
Өлеңмен болмысыңды дараладың,
Жақсылар жүрген жерді жағалағын.
Адалдық жүрегіңе шуақ сыйлап,
Тәңірдің берген бағын аялағын.
Әкенің ақ үмітін ақтап бүгін,
Анаң тұр жарылуға шақ қап , күнім!
Көтердің шаңырағыңды көпті жинап,
Қасыңда өмірлік жар-әппақ гүлің.
Көбейттің шаңырағын ұлы атаның,
Тектісің – қастерлеген парасатын.
Бірің – көктем, бірің –жаз жұптастыңдар,
Бірін-бір ұғынып жарасатын.
Ақынмын деп жарыңа асқақтама,
Келінді өз анаңдай сақтап, қара!
Әйелдің алпыс екі айласы бар,
Жағасың әйел жанын мақтап қана.
Киіздің өңі қашқан өрнегіндей,
Еркелік- сыймай қалған көйлегіңдей.
Иесі болдың енді бір отаудың,
Міндеті көбейеді күнде-күнде.
Шаңырақ – сыйластықпен шұғылалы,
Ынтымаққа ырыс кеп құйылады.
Құтты болсын тойларың қарақтарым,
Тілеймін ұзақ өмір мағыналы.
Қос ішек домбырадай үндесіңдер,
Бақытты боп ел мақтар күн кешіңдер!
Сейілханның көбейтіп ұрпақтарын,
Тал бесікті кезекпен тербетіңдер!
Өскеніңе қуансын көкелерің,
Сырласыңа айналсын жеңгелерің.
Уысынан май жалап жүрсін анаң,
«Әжелеген» күлім көз шөберенің.
Тілден –сұқтан сақтасын, қарақтарым,
Қабыл болсын бастаған талаптарың.
Ұлы өнер жеткізіп ұлылыққа,
Орындалсын арман мен мұраттарың!
Темірхан Әбдіков
5.09.2019 жыл