Добавить в корзинуПозвонить
Найти в Дзене
Темирхан Абдиков

Арманның алғашқы ән кеші

Жастайынан өнерге бүйрегі бұрып, бала бақша қабырғасынан әнге бой ұсынған жас баланың ерекше құштарлығы оны ерте есейтті. Үйде апасы Набат пен әкесі Жұмабектің ықпалы болса, өсе келе анасы Меруерт өзі жұмыс істейтін Арыс қаласындағы Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебіне жетектеп келіп, домбыра бөліміне оқуға берді. Болмысынан бойына сүтпен дарыған өрліктің лебі, оны

Арманның алғашқы ән кеші

Жастайынан өнерге бүйрегі бұрып, бала бақша қабырғасынан әнге бой ұсынған жас баланың ерекше құштарлығы оны ерте есейтті. Үйде апасы Набат пен әкесі Жұмабектің ықпалы болса, өсе келе анасы Меруерт өзі жұмыс істейтін Арыс қаласындағы Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебіне жетектеп келіп, домбыра бөліміне оқуға берді. Болмысынан бойына сүтпен дарыған өрліктің лебі, оны арқаландырып жіберетін. Бұл кез келген кекілдіге қайрат беретін керемет қасиет еді. Абдрахман Арманның нағашы жұрты да тегін адамдар емес. Нағашы атасы Айтжан Нұрсейітов те өнерге бір иығын беріп тұратын, тілінің астында тілі бар ақын , сазгер кісі еді. Қазақтың « Ер –нағашыға тартады» -деген аталы сөзі осындай негізде айтылса керек. Арман Тәңір екі иығына қос шырақ жаққан жұлдызды бала екенін уақыт өте келе дәлелдеді. Оның үстіне өмір Арманды тәжірибелі ұстазға жолықтырды. Ол қобыз бөлімінің жетекшісі Орақбаева Фарида Жанұзаққызы болатын. Өнерді шынайы серігі санап, жүрегімен сүйген ұстаздың білім мен еңбексүйгіштігі өзгелерден бөлектеніп тұратын. Сонау бір жылдары , өнер мектебінде Фарида алғаш рет қобыз бөлімін ашып, халық қобыз аспабына жатсына қарағаны, оқуға оқушы жинау қиындық туындатқаны да ақиқат еді. Сонда да ол, жігерін құлатпай. Үлкен үмітпен алға ұмтылады. Ол алдына келген шәкіртіне жүйелі талап қойып, табанын қозғатпай қобыздың үніне тәнті етіп арбап тастай білді. Уақыт өте келе қобыз аспабының үніне елдің құлағы үйреніп , қызығушылықтары артты. Сол еңбегінің арқасында оқушылары көбейіп, әр оқушының шеберлігін қалыптастырып, олардан қобызшылар ансамблін құрды. Қаладағы мәдени шараларға қатыстырып, өткен жылы мәдениет үйінде арнайы концертін өткізген. Білікті ұстаздың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде оқушысы облыстық байқаудан бірінші орын , республикалық байқаудан екінші орын алып, өнер мектебінің тарихында үлкен жаңалық жасады. Міне, осындай кеудесінде оты бар, жаңашыл ұстаздан дәстүрлі әннен сабақ алу , « Ақ бұлақ әнімен » қанаттанған Арманның үмітін маздатты. Әдемі бала дауысы күн өткен сайын толыса берді. Екінші үйренгені Молдабайдың әні «Молдабай» оған үлкен жауапкершілік жүктеді. Балапандай талпынып, сахнаға ел алдына шығуға асықты. Ол тілегі де орындалды. Халық Арманды жақсы қабылдады. Шәкірттің өсуі -ұстаздың үздіксіз ізденісінің жемісі. Ұстаздың да қуанышында шек болмады. Баланың аты бала , кейде еркінсіп кететін де кезі болады. Ондайда ұстазы ,қабағын түйгеннен Арман түсіне қояды. Елгезек бала ұстаз сөзін екі етпейді. Үйде де тұрақты түрде дайындығын жалғастырады. Талапты тыңдау да, баланың жақсы қасиеті. Ол қатарластары секілді ойнауға қолы тимеді. Бір әннен кейін , екінші репертурамен жұмыс жасайды. Маханбеттің термесін үйреніп сахналаған соң, ұстазы оны жан-жаққа байқауға қосты. «Арман қала-Астана » атты республикалық байқаудан бас жүлдені еншіледі. Семейде өткен « Алашқа ән салдырған Жәнібек» атты байқауда Арман үшінші орынды жеңіп алды. Осылай оның өнердегі жемісті жолдары жалғаса берді. Жақында өзі оқитын Б.Момышұлы атындағы жалпы

орта мектебінің үлкен залында « Шырқа ,дауысым!» атты алғашқы ән кеші өтті. Кешті қалалық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұматай Мұқаев, Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің Мейіркүл Асқарова, Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебінің директоры Жомарт Сейтбековтер ашып, жас әншіге ақжолтай тілектерін айтты. Молдабайдың әні «Молдабаймен» ән кешін бастаған Арман Жұмабекұлының балаң дауысы көрермендерді желпіндіріп, Сүгірдің термесімен залды сілтідей тындырып тастады. Немеренің қуанышын көріп толқыған апасы Набат ақын мен нағашысы Айтжанның ақтарылған ақ баталарын естіген Арман, Маханбеттің термесін нақышына келтіре орындап шықты.« Алты жасар бала атқа қонса, алпыстағы шал тақымын қысады», -деген аталы сөзді жаңғыртқан ақындар Сұлтанәлиева Роза мен Байниязов Сейітжан бала әншіге жырдан шашу шашса, нағашы жеңгесі Бектаева Дина көңіл тебіренісін күймен жеткізді.

Құттықтау сөзге шыққан М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Раушан Абдухаймова, Абай атындағы жалпы орта мектебінен Гүлжан Тәжиева, Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебінің оқу ісінің орынбасары Сафура Балахметова, Арманның сынып жетекшілері Нұргүл Дәулетова, Фарида Орақбаевалар кеш иесіне ыстық ылтипаттарын білдірсе, Ә.Жанкелдин атындағы жалпы орта мектептің ұжымының жастары атынан Арманға бағалы домбыра сыйлап, жас әнші қанаттандырып жіберді. Екі мектепте дәріс алған жас әншінің алғашқы кеші , көптің көңілінен шықты. Тағы бір қуана хабарлайтын жаңалық, Арман ертесіне Арыс қаласына арнайы сапармен келген , Қазақстанға әдемі әндерімен танылған композитор Алтынбек Қоразбаев атасына жолығып, алдында ән салып, ақ батасын алды.

Темірхан Әбдіков

Ж.Байғұттиева атындағы өнер мектебінің тәрбие ісі орынбасары