Тектінің тұяғы
АРАЛ
Замандастарына палуан атағымен танылған Ырсымбет Мырзабайұлы қызыл сөздің қадірін асырған , дала пошымды , дара мінезді , сөзге шешен жан еді. Ырсымбеттің Байғұт, Құлтас, Жәтен, Бәйкөбен есімді балалары бар .Әке үшін әр баланың орны бөлек. Әйтсе де, Байғұттың жолы бір басқа болып тұрады. Кеудесін тіктегеннен тілі жатық , ойға жүйрік кекілдісінің бетінен қақпады. Байғұт жас күнінен ойы зерек, құдық көмейлі, алыстан шалып сөйлеуге бейім болып өсті. Егде адамның есіне келмейтін шырын сөзді шабақтауға ынтық тұяғының жолын кеспеді. Өзі әліпті түсінбеген соң, кіндігінен тараған талапты ұлдың ығына жығылды. Көкірегі ояу тұяғының тілеуін тіледі.Әр намазын оқыған сайын :
Қазақта ұрпақ киелі,
Бестің бірі – шешен,
Жүздің бірі – мерген,
Мыңның бірі – көсем болған.
Ұл туса биші болған,
Көңіл толқыса күйші болған.
-Уа, киелі Ата жұрт Қазығұрт,
Ұрпағым азып, кесел болып барады.
Алладан – сауап,
Әруақтан сәбәп тілеші,- деп аяқтауды әдетке айналдырған. Бағдаттан жиі келіп, үйінде апталап жататын саудагерде Байғұтқа қызығатынын бойына бүкпеді. – Қожайын, мына балаңыз , көзі ашық бұлақ секілді. Жағдайың келеді, Бағдатқа маған қосып оқуға жібер. Болашағы бар. Алаңдама. Өзім бас – көз боламын,-деп құлағын көтерді. Бұл Ырсымбеттің ойынан дөп түскендей болды. Ақыры, бір шешімге келді. Ауыл қарияларына дастархан жайып , ұлына үлкендердің қолына су құйдырып , батасын алады .
Алжымайтын жас,
Арылмайтын бақ,
Нұрлы ақыл берсін!
Тамыры қиылмайтын дақыл берсін,
Олжалы тақым берсін!
Дәм бұйырса нәр берсін,
Дәулет берсе тасымайтын,
Қайыспайтын нар берсін!
Шылауыңа қызыр оралып,
Бабаларыңның әруағы қолдасын.
Алла бір өзі жар болсын.
Алыс жүрсең де абыройың зор болсын. О, Жаратушым, ілімнің нұрлысын қондыр ! Әумин! – деп Бестораңғылда баласы Байғұттың маңдайынан сүйіп, ақ жол тілеп құшақтап көзіне жас алды.
Аттандырарын аттандырса да сағыныштан аңқасы кепті.
Алғашқы да темірдей берік болса да, күндер өте келе емешегі езіліп, хабар кілт үзілді. Бұл әке үшін үлкен сын болды. Жасы еңкейген шағында жанына уайым жамап алды. Ұшқыр уақыт өткенін сездірмеді. Жыл айналса да баласынан хабар үзіліп,ата-ананың уайымы күшейді. Әлсін –әлі ат ізін салатын саудагерде тым-тырыс болып қалды. Мұның өзі Ырсымбет палуаның күдігін ұлғайтты. Үшінші жылы қасқылғандай палуан жиі төсек тартып қалатын күй кешті. Мұның өзі ағайындардың да көңіліне үрей ұялатты. Осы жай Сапақтың құлағына жеткен соң, палуаның кеуілін сұрай келіп, оның жанарында жасырынған мұңды көрді.
- Уа, тектінің тұяғы! Ауыздан шыққан сөз құлаққа жетеді, Алланы ұмытпаған жан жұмаққа жетеді. Палуан қажыма! Құс қонған жерге, адам да жетеді. Жоғалғаныңа өзім қауыштырамын. Бағдат бармаған жерім болса да, қазағым үшін қажысам да қайлымын.,-деді еңсесін тіктеп.
Сапақ жанына Шойнақ батырды серік етіп , Бағдатқа бағыт алады.
Аузынан ана сүтінің исі кете қоймаған жас баланы саудагер барған бойда баспахана жұмысқа жегеді. Оқу мен қоса қабат еңбек етеді. Түрлі бояуларға малшынып, тері өңдеп жазу басуды үйренді. Қабырғасы қатпаған балаға бұл оңайға соқпады. Мезгілімен ас ішетін, енді кісі көңіліне жәутеңдеп қалғаны жанына қатты баққан. Бірде тоқ, бірде аш күй кешкен, Саудагер өз еліне барған соң, палуанға берген уәдесін ұмытып , жеке басының ғана пайдасын ойлап бағады. Байғұт қанша қиналса да шыдап бақты. Ұтқаны баспа жұмыстарын еркін меңгеріп алды. Бір күні артынан іздеп келген ауылының адамдарын көргенде , таң тамаша күйге енді. Саудагерді іздеп тауып, қазақтың арда ұлдары аяғына құлатып, Байғұттың үш жыл ақысыз еткен еңбегінің өтемақысын төлетеді. Қос батырдың өрлігінің арқасында , Байғұт ата- анасымен есен-аман қауышқан. Осыны Байғұттың өзі де жырға қосып кетеді.
Оқыдым білім алып Бағдат барып,
Сөйледім талай елде топты жарып.
Қазағым данышпандардан кенде емес екен,
Тең келетін ел таппадым «тәуба» десем.
Ой толғап сөйлегенде ортаға салып,
Алла айтқанымды жазғанымды асылық көрме.
Өзімді тоқтатамын барып – барып.
Елге келгеннен кейін әкесі оны Самархан шаһарына оқытты.