Рақымдылықтан қуылған шайтаннан безіп – Аллаға сиынамын!
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Түркі өркениетіне – дербес жылсанау дәуірі мен күнтізбе жүйесі қажет
Алғы Сөз
О, айналайын қалың елім, қазағым және қайран жұртым, бармысың, армысың – деп әдеби кітаптардағыдай әріден бастап сөзді шұбыртпай, айтайын деген ойымды қысқа қайыруды жөн көріп отырмын. Негізінде төменде жариялағалы отырған кешенді тірліктерді мемлекетіміз жүзеге асыруы керек еді, бірақ өкінішке орай жүйесіз-жоспарсыз біресе анау тірліктің, біресе мынау тірліктің басын шалып жүрген мемлекетіміздің, төмендегі себептермен көп уақытқа дейін адасатынын байқап отырмын. Осы биылғы жылдың шілде айынан бастап Сіздерге қазіргі өмірімізде жетіспей жатқан көп мәдени мұраларымыздың біреуі және бірегейі «Тоғыс есебі» жұлдыздық ай-күн күнтізбесі туралы түсіндіргім келіп жанталасқан едім. Бірақ өкінішке орай ол ізгі ниеттерім әдірам қалып, жазған жазбаларымды біреу түсініп, біреу түсінбеді. Көңілім қалып «күл болмасаң бүл болшы» деп қолымды бір сілтеп жайыма да кеткім келді. Бірақ бұл әрекетім «битке өкпелеп, тонымды өртегенмен» бірдей тірлік екенін артынан түсініп, Сіздерге қалай қылсам, осы өзім білген жайларды түсіндірем деген ниет ойымда қалықтап тұрып қалды. «Менің білгенімді білмеді» – деп Сіздерге ренжуге ешбір болмайды екен. Себебі бәріміз де кешегі «сәбет үкіметінің» және бүгінгі «жаппай жаһандану» дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды естен шығаруымызға болмайды. Рухымыз бен санамызды, барымыз бен болмысымызды, тіліміз бен ділімізді түгел улаған теңдесі жоқ зияны мол қос идеологияның «мясорубкасында» шыр-көбелек айналып жүрген жайымыз бар. Менің жазғандарымды Сіздерге түсіндірткізбей тұрған да сол ғаламат зиянды идеологиялардың денемізге жайылған улы уыты. Сіз бен біздің миымыздың барлық қыртысында «қазақ өзінің қайдан шыққанын білмейді, білуі де мүмкін емес», «қазақ ешқашан ел бола алмайды, өйткені ол надан-топас», «қазақта намыс-қайрат, ерік-жігер жоқ, сол себепті ол елін де, жерін де ешқашан өзі қорғай алмайды» деген гипноздан да асып түсетін ерік-жігерді жасытып, керек десең сындыратын айла-тәсілмен енгізілген өз-өзіңді иландыру (самовнушение) жұмыстары жүріп жатыр. Бұл түбі жоқ ұйықтан шығудың жалғыз жолы, бірте-бірте санамызға – ата-бабаларымызда болған салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, мәселен, түсіндіруге ниет етіп отырған «Тоғыс есебін» және т.б. сананы ұйықтатпайтын ұғым-түсініктерді жандандырып сіңіре беруіміз қажет. Кейін, мен өлген соң, Қалекең айтқан еді дерсіздер, бірақ осы қазіргі кезде гипнозға елітіп ұйықтап кеткен кейбір елдер тарих бетінен біржола өшіп жоғалып кетеді. Ал біздер қалуымыз үшін жойқын күшпен шабуыл жасаған жауға, сондай жойқын күшпен қарсы шабуымыз қажет. Сонда ғана көзге көрінбейтін әккі жауды тоқтата аламыз. Мен жалпы нұсқасы жинақталған, көлемі әжептеуір «Тоғыс есебі» туралы жазбаларымды түгел жариялағалы отырмын. Әрине түгел оқып шықсаңыздар ғана осы ұлттық күнтізбемізді түсіне алатындарыңыз анық. Қосымша сұрақтарыңыз болып жатса, алдағы уақытта мына қат-қабат жұмыстан қолым тисе, міндетті түрде жауап беремін. Ия, Алла, қазаққа жар бола көр...