Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

401-ші Қара пайым-сөз: Үркер, Күн және Айдың өзара қозғалысы – түркі өркениетінің күнтізбе жүйесі бола алады

Түркі халықтарының бәрі де өз тілдерінде әрқалай атағанымен, жұлдыздардың ішінде – Үркер жұлдыз шоғырын жақсы біледі. Бұл ежелгі замандарда түркі жұрты бірыңғай – Үркерге негізделген ерекше күнтізбемен уақыт есебін жүргізгенін білдіреді. Қазақ жерінде туып-өскен менің ата-бабаларым және әкем Әлісейіт пен анам Апажан – Үркер, Күн және Айдың өзара қозғалысына негізделген «Тоғыс есебі» күнтізбесін өте жақсы меңгерген адамдар болды. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ата-бабаларымыздың осы көне ілімін соңғы 35 жыл бойына тереңдетіп зерттеген осы жолдардың авторы, қазіргі заманауи ғылымдар негізінде «Тоғыс есебі» жұлдыздық ай-күн күнтізбесінің ең бастағы нұсқасын 2018 жылы біржолата қалпына келтірді. «Тоғыс есебі» ЖАКК-нің астроматематикалық теориясы, құрылымы, қағидаттары, қолданылу ережелері және т.б. бір дегеннен түсіну оңайға түспейтіндіктен, көпшілік қауым үшін аталған күнтізбенің 2019-2021 жылдар аралығына арналған нақты қысқа жобасы 2019 жылғы 2-қазан айында жарияланған болатын. Қазіргі уақытта жеке бастамаммен, әлем ғалымдары үшін ашылған «Academia.edu» және «Facebook» әлеуметтік желісінде – Түркі өркениеті, түркі халықтарының ортақ жылсанау дәуірі мен «Тоғыс есебі» жұлдыздық ай-күн күнтізбесі және т.б. тақырыптарға қатысты ағылшын тілінде 74 ғылыми мақала (https://independent.academia.edu/KaldarhanKambar) және 400-ге жуық шағын жазбалар (https://www.facebook.com/qaldarkhan.qambar) жарияладым. Әсіресе, Түркия мен Азербайжанның қысқа мерзімде Таулы Қарабақта ортақ жеңіске жетуінен соң, түркі тілдес ұлттар өкілдерінің менің мақалаларым мен жазбаларымды оқуы күрт арта түсті. Қазақта «темірді қызған кезде соқ» деген қанатты сөз бар. Дәл қазіргі уақыт жоғарыда мен баяндаған жаңа әрі тың идеяларды жүзеге асыру үшін қолайлы уақыт туғанын көрсетеді.