Егер зер салып қарасақ, осы уақытқа дейін әлем ғылымы мен ғалымдар қауымдастығы мойындалған адамзаттың алты өркениет ошағының * өз алдына дербес жылсанау дәуірі мен өзіндік күнтізбе жүйелері болғанын көреміз. Қазіргі уақытта күллі адамзат баласы өте шапшаң жаһанданып жатқан Жер бетіне билігі жүріп тұрған Батыс өркениетінің (АҚШ-Еуропа) б.з. ** 1-жылынан басталатын жылсанау дәуірі мен юлиандық және григориандық Күн күнтізбесі бойынша өмір сүріп жатыр. Бұл аз десеңіз, әлемде 2-ші экономика атанған Қытайдың (діні – буддизм, даосизм, конфуция өсиеті, б.з.д. *** 2397-жылы басталатын қытайдың 60 жылдық циклдік дәуірі және Ай-күн күнтізбесі), 3-ші экономика атанған Үндістанның (діні – индуизм, джайнизм, буддизм, сикхизм, б.з.д. 3102-жылы басталатын үнділік Кали-юга дәуірі және Ай-күн күнтізбесі), алақандай Израйльдың (діні – иудаизм, б.з.д. 3761-жылғы «әлем жаратылғаннан» басталатын еврей дәуірі және Ай-күн күнтізбесі), Араб әлемінің (діні – ислам, б.з. 622-жылы басталатын һижра дәуірі және Ай күнтізбесі) және бұлардан басқа қазіргі кезде әлемде өздерінің дербес жылсанауы мен күнтізбе жүйесі бар 40-тан аса Солтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Иран, Ауғанстан, Пакистан, Эфиопия және т.т. сияқты мемлекеттер мен халықтар бар екенін көреміз. Күллі әлемде 200 млн. аса ел-жұрты бар Түркі әлемінің әлі күнге дейін не жылсанау дәуірі не күнтізбе жүйесі жоқ. Қазіргі жаһандану заманында білім, ғылым, технология және т.б. игеру ауадай қажет, бірақ түптің-түбінде жүзден жүйрік шығатындар уақыттың шын қадірі мен құнын білетін белгілі бір адам нәсілі болмақ. Түркі тілдес халықтарда уақыт туралы мақал-мәтелдер өте көп, бірақ олардың ішінде әлі күнге дейін уақыттың шын бағасын түсіне алған ешкім жоқ. Осы тарихи кемшілікті ең бірінші болып байқаған Абу әл-Ғази Бахадур (1603-1663) өзінің «Шаджара-и Таракима» (1661) атты еңбегінің кіріспесінде: «Оғыз-хан шамамен тұңғыш парсы ('аджaм) падишахы Кеюмерс дәуірінде өмір сүрді. Аббас әулеті 750-1258 жж. арасындағы 500 жыл бойына Бағдат Халифатын биледі. Осы екі оқиға (Кеюмерс-Аббас) арасында 5000 жыл өтті. Қазіргі уақытта біздер осы 4000-5000 жыл ішіндегі түркі халықтарының өмірінен ешнәрсе де білмейміз» деп жазады. Осылайша Ұлы ғұлама біздер өмір сүріп отырған Жер бетіндегі «кеңістік» – минут, сағат, күн, апта, ай, жыл өлшемімен белгіленетін «уақытпен» есептеліп отырмаса, ұрпақтары даңқты ата-бабалары туралы көне тарихты ұмытып қалатынын ескертеді. Егер сәт сайын өзгеріп жатқан Жер бетіндегі кеңістікте – ізімізді емес, өзімізді қалдырғымыз келсе, жақын болашақта түркі халықтарының жылсанау дәуірі мен күнтізбе жүйесі мәселесін біржолата шешіп алуымыз қажет. Бұл айтылғандарды елең қылмай бұрынғыша өмір сүре беруімізге де болады. Бірақ бұл жағдайда біздерді белгілі бір заман өткен соң кеңістік пен уақыт жұтып қоятыны тек уақыттың ісі. Яғни, болашақтағы елдер өткен уақытта даңқты түркі жұрты болғанын ешбір естеріне түсіре алмайтын болады. Біздерге дейін осылайша қаншама өркениет жойылып кеткенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын!
ЕСКЕРТПЕ:
* 1) Құнарлы жарты ай жер аумағы [Месопотамия-Шумер, Ежелгі Египет-Мысыр]; 2) Ежелгі Үндістан өркениеті; 3) Ежелгі Қытай өркениеті; 4) Ежелгі Анд (Норте-Чико) өркениеті; 5) Мезоамерика [Ольмек-Майя-Ацтек-Инк] өркениеті; 6) Кейінгі батыс өркениеті [Миной өркениеті, Ежелгі Греция, Ежелгі Рим және классикалық көне дүние].
** Біздің заманымыздағы (б.з.) уақыт «+» белгісімен таңбаланады: ... –3, –2, –1, ±0, +1, +2, +3 ... +1901, +2001, +2020, +2021, +2022, +2101, +2201 ...
*** Біздің заманымызға дейінгі (б.з.д.) уақыт «–» белгісімен таңбаланады: ... –6001, –5001, –4001, –3001, –2001, –1001, –1, ±0, +1, +2, +3 ... +2001, +2101...)