Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

398-ші Қара пайым-сөз: Қазіргі астрономия ғылымы «Тоғыс есебі» білетін көп жайларды білмейді!

Астрономия ғылымын шамам жеткенше оқығандарымнан түсінгенім – қазіргі дамыған заманауи, еуропалық астрономия ғылымы мың-мыңдаған жылдар бойы біздердің көшпенді тұрмыс кешкен ата-бабаларымыз жақсы білген «тоғысуды» жете түсінбейтіні былай тұрсын, тіпті түкті де білмейді ме деген ойға келдім. Маған сенбесеңіз, орыс тілінде жазылған «Покрытия светил Луной» немесе ағылшын тілінде жазылған «Occultation – тоғысу, Coverage – бүркеу, Shading – көлеңкелеу, Eclipse – тұтылу» деген тақырыптарды ғаламтордан оқып көріңіз. Тапқан материалдарыңызда «Тоғысу» құбылысына жалпылама түсініктемелер беріледі де, нақты түрде «Ай мен Үркердің тоғысу» құбылысы қалай жүзеге асатынын әлемдегі осы күнге дейін жарық көрген бірде-бір кітап не мақала түсіндіріп бере алмайды. Қазіргі уақытта түркі халықтарын «надан, ақымақ, тоғышар» деп ерінбегеннің бәрі айтады. Борат сияқтылар қазақтарды басынып мемлекеттік туымызды, елімізді, ұлтымызды қорлайды. Осыған намыстанып, күллі ғалам жабылып сыры мен құпиясын аша алмаған «тоғысу» ғылымын, түркі тілдес халықтар меңгергенін мақтанышпен айтуға әрекет жасаған едім. Бірақ, әзірге бұл тұжырымымды мылқау құсап әлем түгіл, өз жұртыма түсіндіре алмай тірі жынды болып отырған жайым бар. Себеп біреу ғана, түркі халықтары иншаллаһ, сауатты болса да, ғылымды тереңдеп оқып, бас ауыртқысы келмейді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін жол шексіз емес, ол бір күні тұтас түркі халықтарын тығырыққа әкеліп тірейтінін болжау үшін балгер болудың қажеті жоқ. Ия, солай, шегерткеге ұқсап ән салып жүрген бүгінгі жаздан соң, салқын күз, одан соң қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын әлі түсіне алар емеспіз...