Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

395-ші Қара пайым-сөз: «Тоғыс есебінің» негізіне алынған екінші аспан денесі Күнге қысқаша шолу

Көре-көре көзіміз үйреніп кеткен күндізгі шақтағы Күннің қозғалысы мен түнгі шақтағы Айдың қозғалысы – Жердегі тіршіліктің қайнар көзі болып табылады. Күн деп жүргеніміз Жерге ең жақын орналасқан «ергежейлі сары жұлдыз» болғандықтан, оның қозғалысы барынша бірқалыпты деп есептеуге болады. Қысқы (желтоқсанның соңы) күн тоқыраудан бастап, көктемдегі (наурыздың соңы) күн мен түн теңелгенге дейін, күндізгі уақыт ұзара береді де, жаздың ортасындағы күн тоқырау кезінде – күндізгі уақыт барынша шырқау шегіне жетіп ұзарып барып тоқтайды, түн барынша қысқарады. Жаздың (маусымның соңы) ортасынан бастап, күзгі (қыркүйектің соңы) күн мен түн теңелгенге дейін, күндізгі уақыт қысқара береді де, қысқы күн тоқырау (желтоқсанның соңы) кезінде – түнгі уақыт барынша шырқау шегіне жетіп ұзарып барып тоқтайды, күндізгі уақыт барынша қысқарады. Қазіргі уақытта күллі әлем қолданатын еуропалық христиандық григориан күнтізбесі – Күн күнтізбесі болып табылады. Егер Күн күнтізбесі барынша тұрақты күнтізбе болса, онда «Тоғыс есебі» деп неге бас қатырып отырмыз деп ойлап отырған шығарсыз. Бірақ данышпан ата-бабаларымыз төрт түліктің күйекке түсуі, төлдеуі, жүн қырқылуы және т.б. сияқты маусымдық, науқандық шаруалар тек Күн қозғалысы бойынша ғана емес, Ай мен жұлдыздардың қозғалысы бойынша да жүзеге асатынын дұрыс байқаған.