Егер жерден бірнәрсе іздеп бүкірейіп, еңсемізді түсірген екі көзімізді анда-санда аспанға қаратқан болсақ, онда біздер күн сайын Айдың шығыстан батысқа қарай қозғалып отыратынын байқар едік. Жаңа туған жіңішке Айға қарап «Ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа» деп бата жасайтын еңбекқор қазақ болса, күн сайын әлгі жіңішке Айдың батыстан шығысқа қарай ұзаған сайын бірте-бірте толып, жол ортаға жеткенде «толықситынын», шығысқа тақағанда қайта кемитінін көрер еді. Осы құбылыс «Айдың күрделі қозғалысы» деп аталады. Жерді айналып қозғалатын Ай орбитасының ұзындығы – 2 414 000 км-ге тең болса, тәулік сайын Ай осы жолдың шамамен ≈ 88 425 км-ін жүріп отырады. Ай Жерді айналып қозғалып бара жатқанда, Жер Күнді айналып қозғалып бара жатады. Сол себепті Ай Жерге түскен Күннің сәулесімен кейде жарым-жартылай, кейде толықтай жарықтанып, әр түрлі формада (фазада) ауысып көрінеді. Батыстан шығысқа қарай қозғалғанда сыртқы формасын бірте-бірте ұлғайтып, одан соң кішірейтіп отыратын Ай, күн сайын шығыстан батысқа қарай жылжығанда арғы жақ тасасындағы Үркер жұлдыз шоғырын басып өтеді (тоғысады не тоғамдасады). Осы құбылысты қазақтар – Тоғыс есебінің негізіне алған. Ежелгі замандарда көшпенді ата-бабаларымыз жұлдыздар, сайрандар мен Айдың әртүрлі өзара орналасуларына қарап түрлі болжамдар жасағаны белгілі. Дәл қазіргі кезде (2020 жылғы күз айлары), қазақ елінің оңтүстік-шығысындағы аспанында Күн батқан бойы Юпитер (Есекқырған жұлдызы) мен Сатурн (Қойшының қоңыр жұлдызы) сайрандары (планета) көрінеді де, түн қараңғылығы қоюланған сайын, олардың соңынан әр түрлі фазасындағы Ай – қандай қызыл Марс (Қызыл жұлдыз) сайранын алға салып батысқа қарай жылжып бара жатады. Бір таң қаларлық нәрсе, бұл аспан көрінісінің Түркия мен Азербайжанның Таулы-Карабахтағы Армениямен болған соғысына сәйкес келгені еріксіз таңдандырады. Ай мен Қызыл жұлдыздың қазіргі Түркия Республикасының мемлекеттік жалауында бейнеленгеніндей «тоғысуын» жұма күндеріне сәйкес келетін 19-ақпан 2021 жылы [UT ≈ 05:30] және 19-наурыз 2021 жылы [≈ UT 18:30] көруге болады. Жалпы бұл түнгі аспан көріністерінің нені білдіретінін уақыты келгенде көре жатармыз...
393-ші Қара пайым-сөз: «Тоғыс есебі» Айдың күрделі қозғалысымен есептеледі
24 ноября 202024 ноя 2020
1 мин