Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

384-ші Қара пайым-сөз: Тоқсан сөздің тобықтай түйіні

Түркі өркениетінің болашағы үшін теориялық тұрғыда толық дайын болған түркі халықтарының ортақ жылсанау дәуірін белгілеп, «Тоғыс есебі» жұлдыздық ай-күн күнтізбесін түркі тілдес елдер үшін қазіргі еуропалық григориан күнтізбесіне қосымша түрде ендіруді практика жүзінде жүзеге асыру білім-ғылымы дамыған Түркия мемлекетінің ғана қолынан келетін іс екеніне көзім жетіп отыр. Зор өкінішке орай, тәуелсіздігін алғанына небәрі 30 жыл болған Орта Азиядағы түркі тілдес елдер, белгілі себептермен осы жолдардың авторы көтеріп отырған мәселелерді жүзеге асырмақ түгілі, оның орасан зор маңызы мен мазмұнын ешбір түсіне алмай қойды. 2020 жылдың басынан басталған COVID‑19 коронавирус пандемиясының салдарынан туындаған қаражат тапшылығына байланысты, осы саладағы ғылыми зерттеулерді толықтай тоқтатуға мәжбүр етті. Аталған жоба үшін технологиялық тұрғыдан озық құрал-жабдықтар, программалық бағдарламалар және т.б. сатып алу қажет. Ең бастысы, осы жобаны бірлесіп жүзеге асырған АҚШ (Калифорния, Техас т.б.) пен Еуропаның (Ұлыбритания, Германия т.б.) көптеген ғылыми зерттеу институттарымен бірлесіп, программалық бағдарламалар әзірлеген Питер Дж. Мейер сияқты шетелдік мамандарды осы іске жұмылдырмаса, бұл игі істің сәтті аяқталуы қиын болатынына көзім жетіп отыр. Түркі халықтары үшін бұл көкейкесті мәселелерді оңтайлы шешу үшін кім қаражат бөледі, ол жағы әзірге белгісіз. Түркі әлемінің мыңдаған жылдар бойына кеңістік пен уақытқа қатысты жіберген қателіктерін түзейтін бұл «жобаны» бастан-аяқ жүзеге асыру үшін түрік бауырларымыздың ұзақ уақыт бойы ұшатын «Bayraktar TB2» екпінді оперативті-тактикалық орта биіктіктегі ұшқышсыз әуе кемесінің 1-2 данасының қаражаты жетіп қалуы тиіс. Сонау 1991 жылдан бастап бес уақыт намазымды үзбей оқып келе жатқан «Алланың құлы, Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның үмметі» болғандықтан, Алла өзі берген ғұмырын, кез келген уақытта өзі қайтарып алатынына шәк келтірмеймін. Егер құтырынып тұрған мына COVID‑19 коронавирус пандемиясы кезінде, алда-жалда ажалым жетіп қайтыс болып кетсем, түркі әлемін былай қойғанда, күллі әлемде жоғарыда айтқан мәселелерді менен артық меңгерген ғалым жоқ болғандықтан, «Түркі өркениеті» үшін бүкіл саналы ғұмырымды сарп етіп жасаған игі істерім аяқсыз қала ма деген қаупім де жоқ емес...