Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

414-ші Қара пайым-сөз: Әлі жоқ, бірақ түбінде болатын «Түркі өркениетінің» жылсанауы туралы бірер сөз...

Көпшіліктеріңіз ұқтыңыздар ма, ұқпадыңыздар ма, ол жағын білмедім, бірақ түркі жұртының әлемнің көп елдері сияқты белгілі бір ортақ жылсанауы жоқ. Жылсанау дегенді ғылымда – «хронология» деп айтады. Дәл бүгінгі күнтізбедегі дата, яғни, сәрсенбі, 25-қараша 2020 жыл – христиандар белгілеген жылсанау (хронология) бойынша белгіленіп отыр. Бірақ әлемдегі жүздеген елдердің өз хронологиясы бар. Мысалы, араб әлемі өз жылсанауларын – 622-жылдан, қытайлар – б.з.д. 2397-жылдан, үнділер – б.з.д. 3102-жылдан, еврейлер – б.з.д. 3761-жылдан және т.т. бастайды. Абу әл-Ғази Бахадур 1661 жылы жазылған өзінің «Шаджара-и Таракима» атты еңбегінің кіріспесінде: «Оғыз-хан шамамен 5000 жыл бұрын тіршілік етті. Қазіргі уақытта біздер осы 4000-5000 жыл ішіндегі түркі халықтарының өмірінен ешнәрсе де білмейміз» деп жазған болатын. Содан бері тағы да 400 жыл өтті. Ешнәрсе де өзгерген жоқ. Өздерінің жылсанау жүйесі мен күнтізбесі болмаған соң, бүгінде 200 млн. адамнан асқан түркі жұртын құраған талай ұлттар мен ұлыстар жым-жылас жоқ болып кетті. Менің шырылдап Билікке де, Сіздерге де жеткізе алмай жүрген нәрсем – Қазақстан жер көлемі жағынан ең үлкен түркі жұртын құрайды, сол себепті қалған қандас бауырларымызға үлгі көрсетіп, бәрімізге ортақ жылсанау жүйесін белгілейік – деген идея. Егер бұлай жасамасақ, қомағай тарих күндердің күнінде қазақтарды да жұтып қояды. Артында із қалмағасын, болашақ адамзат ұрпағы әлемде қазақ түгілі, түркі жұрты болғанын білмейтін болады. Мысалы, Орталық Америкада (Мезоамерика) мыңдаған жылдар бұрын жойылып кеткен Майя, Ацтек, Инк т.б. үндіс жұрттарының болғанын, қазіргі ғылым олардың жылсанау дәуірлері мен күнтізбе жүйелері арқылы таныды. Жылсанау дәуірі мен күнтізбе – кез келген халықты мыңдаған жылдар бойы тынытып тұратын «танымалдық коды» болып табылады. Қазақстан мың жерден экономикасы гүлденген ел болса да, ол уақыт өте келе ұмытылады, естен шығады. Әлемдік тарихтың кеңістігі мен уақытында тек «танымалдық коды» бар мемлекеттер ғана қалады. Бұл ойымды түсіндіңіздер ме, түсінбедіңіздер ме, ешбір біле алар емеспін. Судан шығып қалған балыққа ұқсап тым-тырыс отырмай, тым болмаса сұрақ қойып отырсаңыздаршы, ағайын-бауырлар-ау. Бар екендіктеріңзді біліп отырайын да тым болмаса...