Конституция күні -Тәуелсіз Қазақстанымыздың құқықтық өмірінде өте маңызды және ерекше орынға ие. Бұл күн халқымыздың үлкен дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Биылғы жылы еліміз Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өтуде. Жиырма бес жылдық кезеңде тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде іргесін бекітіп, адам мен азамат және қоғам мен мемлекет арасындағы күрделі әрі аумалы-төкпелі уақыт кезеңінде саяси-құқықтық реттеу тұрғысынан өте үлкен тарихи міндет атқарғаны мәлім. Еліміздің Ата заңы- Қазақстан халқының таңдауы, дамуы, болашақ кепілі.
Қазақстан Республикасының конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халықтық референдумда қабылданды. Конституцияға 1998 жылы және 2007 жылдары өзгерістер енгізілді. Бұл мемлекетімізге жақсы жағдай болды, себебі Кеңес Одағының құрамында жүріп, Одақтың сарынымен жұмыс істедік. Еліміздің өз конституциясы болғалы, мемлекет басқару жүйесі толық бір жүйе ретінде қарастырылады. Ата заңымыз пайда болғалы, тәуелсіздік туын көк аспанға желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына ілесіп, алға ұмтылудың жаңа бір сатысына көштік.
Аз уақыт ішінде тұғыры берік, туы биік мемлекеттігімізді орнатып, тәуелсіздігімізді паш еттік. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Конституцияның қоғамдағы орнының ерекше екенін айта келе: «Халқымыздың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы» деді. Конституцияны қабылдау кезінде жүргізілген референдум егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, маңызы зор құжат.
Бұл конституция тәуелсіз, демократиялық, зайырлы мемлекет құруға негіз салды, Қазақстан мемлекетін жекелеген бір ұлт емес, бүкіл халықтың саяси ұйымы деп жариялады. Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы халық, оның құқығы мен бостандықтары болып табылады. Аталған заңнама осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі.
Ата Заңымызды орындау нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық, татулық орнықты. Әрбір мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын растайтын құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетілген.
Қорытындылай келе, Ата Заңды құрметтеу біздің міндетіміз әрі парызымыз. Еліміздің әрбір азаматы негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек. Конституциямызды құрметтеу және сақтау арқылы біз өз Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтеп, еліміздің дамуына, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.
Нұр-Сұлтан қаласының татуласу орталығы «Senim Mediasia Ortalygy».