Осындағы белсенді оқырмандарымның бірі – Бибіайым Малханқызы Айдарова менің жеңгем. Ол кісінің фотосын көрген сайын біздің әулетіміздің тарихы көз алдыма елестей береді. Өмір деген тек жеке адамды емес, тұтас тайпа-ұлттардың ұйпа-тұйпасын шығаратын құдіреті күшті Құдайдың қолындағы қолшоқпар екенін екінің бірі біле бермейді. 2007-2012 жж. аралығында ақсалдарымыздың өтінішімен, «Қоңырат-Маңғытай-Дандай-Бөрібай» болып жіктелетін, Алла көп көрмесін, өсіп-өнген әулетіміздің шежіресін жазған едім. Шамамен 1500-1700 жж. аралығында қарт Қаратаудың қойнауындағы Созақ өңірін мекендеген ата-бабаларымыз 1723 жылғы Ақтабан-Шұбырынды кезінде, жұртпен бірге босып Қызылқұм шөлінің ішіндегі Мұрын-Қарақ тауының маңындағы Табақ бұлақ маңына қоныстанған екен. Жоңғар-Қалмақ жеңілген соң оңтүстік бүйірден Бұқар-Хиуа хандары маза бермеген соң, Түркістаннан 50 шақырым жердегі Қандөз өңіріне қоныс аударады (GPS: 43°17'7.27"N 67°40'10.57"E). Қазіргі уақытта Қандөз ауылындағы Разы әулие зиратында бабам Байқабыл қажы мен інісі Айқабыл жерленген. Әйтсе де 1932-1933 жж. ашаршылық кезінде, 1932-1936 жылы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі болып қызмет еткен қазақтан шыққан тұңғыш елші Нәзір Төреқұловтың (1892-1937) жоғары жаққа өтініш етуімен Маңғытай және т.б. рулардың жұрттары Сырдария өзенінде жүзген баржалармен «мақта егу ісі қолға алынып жатқан» берісі қазіргі Отырар ауданына, әрісі қазіргі Киров, Мақтарал аудандарына көшіріледі. Атамыз Қамбар осы қазіргі Отырар ауданы, Шәуілдір ауылына қоныс аударыпты. Қамбардың ең кіші інісі Қыдырбайдың екі ұлы – Елеусіз бен Елемес 1970 жылдарға дейін Қандөзде тұрды. Қазір әулетіміздегі жалғыз ақсақал болып қалған Елемес көкемнің жары жоғарыда айтқан Бибіайым жеңгем. Осы жеңгемді бүкіл ғұмырын Елемес көкеммен бірге бабамыз Байқабыл қажының «Қара шаңырағында» отырғандары үшін қатты сыйлаймын. Ылайым Алла тағала ағам мен жеңгемнің ғұмырларын ұзақ қылып, бағып-қағып өсірген ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің қызығын көруге нәсіп етсін деп тілеймін...
381-ші Қара пайым-сөз: Қандөз деген кішкене ауылда қазақтың Нәзір деген аяулы ұлы туып өскен...
5 ноября 20205 ноя 2020
1 мин