Найти тему

«АБАЙДЫҢ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ»

Абай мұрасын қастерлеуші оқырман!

Сіздерді «АБАЙДЫҢ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ» атты әлеуметтік роликтер мен қысқаметражды фильмдер Фестивалін тамашалауға шақырамыз

Қазақстан республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза: «Биылғы жыл Халықаралық Абай жылы болды, оның шығармаларына әлемнің көптеген елдері қызығушылық танытты. Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде атап өтілуде» деген болатын.

Халықаралық деңгейде атап өтілгелі тұрған елеулі оқиғаны біз де ескерусіз қалдыра алмаймыз. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын ауқымды көлемде атап өту мақсатында Қазақстан республикасы, Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен онлайн фестиваль өз жұмысын бастауға дайын. Аталмыш шараның мақсаты: Халықтың рухани, мәдени деңгейін арттырып, шығармашылық адамдарына қолдау болып, ел азаматтарын мерейтойлық ісшараға белсенді түрде қатысуға шақыру, Абай мұрасын кеңінен насихаттау болып табылады. Бүгінгі таңда «АБАЙДЫҢ МҰРАСЫ – АДАМЗАТ ҚАЗЫНАСЫ» атты әлеуметтік роликтер мен қысқаметражды фильмдер Фестиваліне қырықтан аса үміткер жұмысын ұсынды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік деп танылған жұмыс иелері қаржылай сыйлыққа ие болады. Фестивальге ұсынылған үздік қысқаметражды фильм немесе әлеуметтік роликтер бірнеше номинация бойынша марапатталады. Атап айтар болсақ:

· Үздік ролик (әлеуметтік сюжет).

· Үздік музыкалық сүйемелдеу.

· Үздік режиссерлік жұмыс.

· Абайдың «Адам бол» атты қара сөздері негізінде түсірілген үздік ролик.

· Үздік қысқаметражды фильм.

· Үздік монтаж.

· Үздік операторлық жұмыс.

· Үздік сценарий.

· Қоюшы-суретшінің үздік жұмысы.

Абай нақылдарына үздік киноинтерпретация.

Мемлекет басшысы: «Абайдың сөздері ешқашан өзектілігін жоғалтпайды, жалпыға түсінікті және жер бетіндегі барлық адамзат үшін айтылған»- деген болатын. Сондықтан да ұсынылған шығармаларда Абай XIX ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл бола тұра ХХІ ғасырдың талабына сай ой толғаған, рухани реформатор, қазақ халқының ұлттық санасының қалыптасуына ықпал еткен көреген тұлға ретінде көрініс табуы тиіс. Фестиваль қатысушылары Абайдың дүниетанымдық ұстанымдары мен өсиетіне берік болып, ұлы пәлсапашы әрі поэттың ойын шынайы жеткізе білуі тиіс.

Шығармалар арқылы Абай ілімі: оқу-ағарту, тәрбие мәселесі, жаңа кәсіпті меңгеру, ынтымақтастық мәселесі бойынша өзекті екенін көрсету керек.

Абай саналы өмірін ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа шақыруға арнаған. Әлем елдері қиын сәтті бастан кешіп, бір-бірінің қолдауына зәру болып отырған сәтте бұл өте маңызды. Сондықтан да сын сағатта Абай шығармаларының Фестивалін өткізу орынды.

Фестиваль барысында танымдық лекциялар, Фестиваль күнделіктері, қызықты меймандармен жүздесулер болады. Баршыңызды ағымдағы жылдың 7-10 қараша аралығында, кешкі сағат 18.00-де, https://www.youtube.com/channel/UCuomapf_HoGtonQPfogLwvA/aboutарнасының тікелей эфирінде өтетін Фестивальді тамашалай аласыздар. Абайдың тойы – халықтың тойы. Сіздерді ақыл-ойдың темірқазығы болған Абай мұрасына арналған фестивальдың қадірлі қонағы болуға шақырамыз.

Әділ қазылар алқасының төрағасы:

Ғарифолла Есім – ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Абайтанушы.

Әділ қазылар алқасының мүшелері:

Дәулеткерей Кәпұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын.

Назира Рахман – кинотанушы, киносыншы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының профессоры, «Құрмет» орденінің және «Құлагер» ұлттық кинематографиялық жүлдесінің иегері, Қазақстан кинематографистер Одағының мүшесі.