Құдай – бар! Оған шәк келтіріп, күмәнмен қарағаныңыз үшін қасіретін, қайғысын, жамандығын және т.б. өзіңіз татасыз. Менің де, басқаның да, өз басыңызға өзіңіз тілеп алған қайғыңызға ортақтасып, қолдан келер жасайтын жақсылығымыз жоқ. Көмектесуді қаласақ та – қолымызда да, қалтамызда да қауқар жоқтығы шындық. Сол себепті атамыз қазақ «тас түскен жеріне ауыр» деп айтқан. Құдай деген ұлы есімді ағылшынша – God, қазақша – Тәңір, арабша – Аллаһ және т.т. атаулармен атай береді. Бірақ бәрінің тоқайласатын бір-ақ жері бар. Ол – Құдайдың құдіреті және оның әмірінің барлық уақытта жүзеге асатынын түптің-түбінде мойындау. Осы арада отырған біраз бауырларым, егер сол Құдайың бар болса, онда мына еліміздегі әділетсіз билікті тас-талқан етіп қиратып, жетім-жесірлердің нәпақасын жырып жеген парақорларды (коррупционерлер) неге жоймайды деп атойлап шығары сөзсіз. Кейде біз үшін жаман болған нәрсе ұрпақтарымыз үшін үлгі сабақ болып жатады. Мысалы, 1932-33 жж. ашаршылықта қазақтардың миллиондап қырылуының жалғыз себебі – қазақ төрт түлік малмен ғана бір жақты айналысып, егіншілік және т.б. пайдалы кәсіптерді тәрк етті. Қазақтың бүгінгі ұрпағы ата-бабаларымыздың сол қателігінен сабақ алып, қазіргі уақытта кәсіптің түр-түрін меңгерді. Ал кінәсіз қырылып қалған миллиондаған қазақтың обалы кімге? Адам пенде, туылған соң ертелі-кеш әйтеуір бір өледі. Біздер қазіргі биліктің озбырлығын, парақорлардың оңбағандығын көріп, онымен қоса «Тәжі-дерт» індетінің құрбандары болып жатырмыз. Былайша айтқанда биліктің тәтті сөздеріне сеніп соңғы 30 жыл өміріміз текке өтті. Қазақты – қазақ қылатын бір жөні дұрыс іс жасалмады. Бірақ өмір осымен аяқталайын деп тұрған жоқ. Ертеңгі ұрпақтарымыз біздің осы қазіргі өміріміздегі қателіктерді, біздердің жас баладай болған аңқаулықтарымызды көріп, басқаша өмір сүретін болады. Құдай – бар, ол біздің алдымыздағыны да, болашағымыздағыны да көреді және біз үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бұлдыратпай анық болжайды. Біз ешнәрсе де білмейміз, Құдайға құлдық жасайық! – деп жазбаларымда соны меңзеп жазып жүрмін, ұқсаңыздар...
377-ші Қара пайым-сөз: Бұл дүниеде тек бір Құдайға ғана сенген дұрыс, қалғанының бәрі жалған, алдамшы...
29 октября 202029 окт 2020
1
1 мин