Соңғы уақытта байқаймын, сонау өткен ғасырдың 90-жылдары қоғамымызда болған жыбыр-жыбыр демократиялық қозғалыстар, отыз жылдан кейін қайта қозғала бастаған сыңай танытады. Міне, осы қазір менің парақшамда біраз уақыт бой көрсеткен Марат Бәйділдаұлы Тоқашбаевтың: «Тоқаевтың саяси реформа жасай алмауының үш себебі бар» деген сұхбатын оқыдым: https://qamshy.kz/article/60867-marat-toqashbaev-toqaevtynh-sayasi-reforma-dgasay-almauynynh-ush-sebebi-bar?utm_referrer=https%3A%2F%2Fzen.yandex.comМәкеңнің осы сұхбатында айтылған ащы шындықтарды осыдан оншақты жылдар бұрын айту мүлде мүмкін емес болатын. Әлде жұлқылап-жұлқылап оята алмаған қазақы сана ұйқысы қанып, тыр-тыр қасып ояна бастағанының белгісі ме. Не де болса, тфа, тфа, жақсы белгі, жақсы ырым. Баяғыда иесінің де, көршілерінің де мазасын ала беретін сұғанақ нән қара сиыр болған екен. Бір күні далада шай ішіп отырған әлгі сиырдың иесі, айнала төңірек біраз уақыт тым-тырыс болып қалғанынан секемденіп, балаларына айғайлап жатыр дейді: «Әй, барып қарап келіңдерші, нән қара сиыр арам өліп қалмады ма екен?» – деп. Сол айтпақшы, қоғамымызды бұрынғыдай қылғындырып ұстап тұрған тегеурінді қолдан күш кетті ме, әлде расында біреу-міреу өліп қалды ма, аздап кеңірек тыныс алатын жағдай туып жатыр. Мен білетін сол қазақ екені рас болса, көп ұзамай көшелерде, жау кеткен соң біреулері қылыштарын тасқа шапқан, біреулері боққа шапқан қазақтар көбеюі тиіс. Әзірге кеселеріңіздің түбінде қалған шайды асықпай сораптап, тауысып ішіп алыңыздар. Әйтеуір бір уақытта таң атады ғой, қалғаны қызықты сол кезде көре жатармыз...
375-ші Қара пайым-сөз: Барып қарап келіңдерші, нән қара сиыр арам өліп қалмады ма екен? – демекші...
28 октября 202028 окт 2020
1 мин