Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

369-шы Қара пайым-сөз: Мына «Тәжі-дерт» індеті – Құдайдың алыстан ойластырған бір ісінің жүзеге асу белгісі...

Кеше ұлым Әлидің үйіне отбасымызбен түгел қонаққа барып, немерем Альсайдқа арнап алған сыйлықтарымызды беріп, келінім Меруерттің күрең қызыл шайын ішіп арқа-жарқа болып қайттық. Қайтатын кезде ұлым Әли – таза араб тілінде жазылған Құран Кәрімді қолыма ұстатып тұрып: «Әке, осы Құраннан күніне бір аяттан оқып тұрыңыз» деп өтініш айтты. «Балам-ау арабша оқи алмаймын ғой» дей беріп едім, ол жымиып, ұялы телефонын әрбір арабша аяттың жанындағы таңбаға тақағанда, ұялы телефоннан әлгі аяттың орыс тіліндегі, қазақ тіліндегі аудармалары шыға келді. Осы қазір сол Құранның көзіме түскен бетін ұялы телефонымнан қазақшалап оқып, ойға қалып отырмын. Сонау 7-ші ғасырда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ға түскен жүйесіз уәхилерден жинақталып жазылған сөздер, арада 14 ғасыр өткенде бүгінгі 21-ғасырдың адамдарына арналып айтылғандай әсер қалдырады. Адамдардың ішінде Алланың, Құранның аты аталғанда тыржиып, тіпті оларды жан-тәнімен жек көретін адамдардың болатыны туралы қалай айтылса, өзімнің парақшамнан соны айна-қатесіз көріп жүрмін. Осыдан кейін «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» – деп қалай тәубеге келмессің. Жә, бопты, адуын бұқаның көзіне қызыл шүберекті желбіреткендей болмайын. Түсінген-түсінер, түсінбеген-талайына түскенін көрер. «Центті-центке соқпасаң, доллар пайда болмайды» деген американдықтардың сүйіп айтатын бір цитатасы (мақал-нақыл деген сөзді олар білмейді) бар. Қазақтар оны «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» десе, мұсылмандар «Құдай қаламаса қурай да сынбайды» және т.т. деп әр түрлі айта береді. Қысқасы «Қазақтың бір білгені болса, Құдайдың мың білгені» бар және оның әрі-бергі жағын адам баласы аңдап, болжай алмайды. Минымдай миымыз да, супер компьютерлер де оншалықты үлкен ақпаратты сыйдырып, талдап-сараптауға қабілетсіз. Сол себепті біздер күнделікті тіршілікте «бір білгенімізбен» бейқам жүре береміз. Адамзат баласы қаншама мың жыл өмір сүрсе, соншама жылдар бойы Алламен тайталасып, оның мың білгенін жүзеге асырмай, өзінің бір білгенін жүзеге асыруға жанталасып әуре болып келеді. Өзімнің сол бір білгеніме салып пайымдап, мына «Тәжі-дерт» індеті – біздің санамыз жете бермейтін Құдайдың тым алыстан ойластырған ісінің жүзеге асып жатқанының бір белгісі деп ойлап жүрмін. Бұл пайымдауыммен келіспеуге құқығыңыз бар, өйткені әр кәллада бір қиял қонақтап отыр...