Бүкіл жазбаларым түгел көрінетін «ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН» https://zen.yandex.ru/id/5f114bd6e99a7e1d3a011730 атты «Яндекс.Дзендегі» журнал-сымағымды парақтап отырмын. Соңғы уақыттарда белгісіз біреулер бұл жазбаларымды оқып, белгі қалдыратын болыпты. Әйтсе де «оған да шүкір» деп айтуға құлқым жоқ. Осы жылдың 18-шілде, сенбі күнінен бастап жазып келе жатқан жазбаларым, дәл бүгін реттік саны бойынша – 364-ші жазбаға жеткенде «шығармашылық тоқырауға» түскендей күй кешіп отырмын. Жазба жазу үшін емес, өзімді басқа бір нәрсемен алаңдату үшін қаншама тыраштанып ойлансам да, алдымды қараңғылық тұмшалап тұр. Өзімді қоршаған шексіз мағынасыздық пен шарасыздықтың шеңберінен шыға алар емеспін. Бірақ дәл қазір, көрші бөлмеде жарым Ардақ маңдайы тершіп кеткен Мәриямның аузына мәмесін тосып, жүзіне елжіреп қарап отыр. Осы Алматының әйтеуір бір жерінде жүректері лүпілдеген қос ғашық, бетперделерін шешіп, бір-біріне махаббаттың баянынан сыр шертіп, өмірлік жұп құруға серт беріп жатыр. Бұл жерден алыста орналасқан бір қалада, қаскүнемдер өзімен бірге қомақты қаражаты бар деген бір қазақтың қыр соңынан қалмай, ізбе-із жүріп, міне-міне қылмыс жасалайын деп жатыр. Бізден тым алыста, автоматтардың тыр-тырлап атылғаны, мина-снарядтардың гүрсілдеп жарылғаны естіледі. Ата жауым деп армянның жағасына жармасқан бір азербайжанды, көмекке жетіп үлгерген екінші армян ту сыртынан тапаншамен жайратып салды. Евразия елі тұрмақ, үш мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-та да дәл осылай қайнаған, дүрілдеген, дүрсілдеген өмір. Тағдырлардың толассыз тоғысы жүріп жатыр. Қалдархан қажыды екен деп, өмір тоқтап қалған жоқ. Тіршілік бұлақтай бұрқылдап бұрқ-сарқ етіп ағып жатыр. Нешауа, не көрмеген бас, мұны да көрерміз – деп етегімді қағып орнымнан тұрып жатырмын!
365-ші Қара пайым-сөз: Қалдархан қажыды екен деп, өмірдің тоқтап қалмасы анық
21 октября 202021 окт 2020
1 мин