Найти тему
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

362-ші Қара пайым-сөз: Өркениетіміз өскен сайын – адамға келетін дерт те күрделіленіп барады

Жер бетіндегі жыбырлаған жеті миллиард адам құрған қоғам – өркениет (цивилизация-civilization) деп аталып, ол алға жылжыған сайын біздің санамыз сұмдық жылдамдықпен өсе түсуде. Бұрын қазақтың қатын-қалаштары ұршығын арқалап, үйді-үйді аралап, өсек тасып жүруші еді, қазір ауылда оның бәрі өшіп бара жатқан салт-дәстүрлеріміз сияқты, боғын жеп жайына қалыпты. Қазір әрбір қазақ әйелдерінің қолында смартфон. Ешкім жақ ашып сөйлемейді, көздерімен Facebook-ке тесіліп, WhatsApp пен Instagram-ды жіптей иіріп, кішкене ауылдың өсегін місе тұтпай, төрткүл әлемнің төрт бұрышындағы өсекті түгел оқып отырады. Бұл жетістікті жоққа шығару мүмкін емес, себебі соңғы уақытта әрбір еркек әйелдеріне «смартфоныңды тастап, бір сәт бері қарасайшы-ей» деп жынданатын халге жетті. Айтпағым бұл емес, айтайын дегенім – Тәжі-дерт жайлы. Осындағы оқырмандарға «бетперде тағып жүріңдер!» деп аузым айтса да, пенде емеспін бе, осы індет шынында бар ма өзі, жоқ па? – деп күдіктеніп жүрген едім. Таяуда үйіме көптен бері көрмеген бір інім келді. Шай ішіп отырып, бұрын денелі інімнің шүңкиіп азып кеткенін көріп: «не болған өзіңе, біртүрлі болып азып қалыпсың ғой» дедім. Сол-ақ екен інім ағытыла жөнелді: «Көке, мына Тәжі-дертті жоқ деп, бетпердеге немқұрайды қарап жүргеннің бірі мен едім. Оңбай ауырып, он төрт күн үйімнің бір бөлмесіне қамалып жаттым. Дене қызуым 39 градустан түспей қойды. Әупірімдеп әзер жазылып шыққан соң салмағымды өлшесем – 17 кг. арықтап қалыппын. Құрысын, бұл індет расында бар екен. Сіз де мен сияқты етжеңдісіз ғой, абай болыңыз» деп емделу жолдарын, ақыл-кеңестерін түгел сарқып айтып кетті. Содан бері бетпердемді өзім де, әйелім де, бала шағам да үнемі тағып жүретін болдық. Бұл Тәжі-дерт індетінің «сұмдығы» салыстыру арқылы қарағанда білінеді екен. Мысалы, 40 жыл бұрын анықталған ВИЧ-инфекцияны (СПИД) 1981-2012 жж. арасында 35,3 (32,4-38,8) млн. адам жұқтырып, отыз жыл ішінде 25 млн. адам қайтыс болыпты. Ал мына Тәжі-дерт індетінің пайда болғанына әлі 1 жыл болған жоқ, бүгінгі күні (21.10.2020 жыл) әлемде 41 108 220 адам індет жұқтырып, 1,130,665 адам қайтыс болыпты. 30 662 407 адам жазылып, дәл қазір 9 315 148 адам ажалмен арпалысып жатыр. Қаншасы өледі, қаншасы тірі қалады, адам баласы білмейді, бір Алла ғана біледі. Байқайсыздар ма, өркениетіміз өсіп, санамыз дамыған сайын – адамға келетін дерте те күрделіленіп барады. Ең жаманы емі табылған аурулар жоғалып құрып кетіп жатқан жоқ, жау жағадан алғанда, ит етектен тартадының кері келіп, олар да жан-жақтан біздерді жұлмалап жатыр...