Тоғыс есебі – әлемдегі көптеген классикалық күнтізбелер (қазақтың грамматикалық тілі) сияқты, бәріне ортақ заңдылық ережесімен жұмыс жасайды. «Тоғыс есебінің» жалпы құрылысы:
1) Тоғыс есебінде – жай жылдары 355 және 356 күннен құралған 13 тоғыс айы, кәбиса жылдары 382 және 383 күннен құралған 14 тоғыс айы бар;
2) Тоғыс есебінде – айлардың атауы жоқ, әр ай 2 күннен кеміп отыратын сандармен белгіленген. Ай атауларының неліктен бұлайша таңбаланғанын әйеліміз екеуіміз тіліміз жеткенше ағылшыншалап түсіндіріп бергенде, астрономия, физика, математика, информатиканың теориялары мен қағидаттарын жіліктің майындай шағатын ғұлама Питер Мейер: «Oh, what wisdom! Everything is simple, clear and original! (Оһ, қандай даналық, данышпандық десейші! Өте қарапайым, түсінікті және ерекше!)» деп ата-бабаларымыздың тапқырлығына басын шайқап, үндемей отырып қалған еді.
3) Жай жылдары есептелетін 13 тоғыс айы – 1 тоғыс айы (1-ай), 25 тоғыс айы (2-ай), 23 тоғыс айы (3-ай), 21 тоғыс айы (4-ай), 19 тоғыс айы (5-ай), 17 тоғыс айы (6-ай), 15 тоғыс айы (7-ай), 13 тоғыс айы (8-ай), 11 тоғыс айы (9-ай), 9 тоғыс айы (10-ай), 7 тоғыс айы (11-ай), 5 тоғыс айы (12-ай), 3 тоғыс айы (13-ай).
4) Кәбиса жылдары есептелетін 14 тоғыс айы – 1 тоғыс айы (1-ай), 27 тоғыс айы (2-ай), 25 тоғыс айы (3-ай), 23 тоғыс айы (4-ай), 21 тоғыс айы (5-ай), 19 тоғыс айы (6-ай), 17 тоғыс айы (7-ай), 15 тоғыс айы (8-ай), 13 тоғыс айы (9-ай), 11 тоғыс айы (10-ай), 9 тоғыс айы (11-ай), 7 тоғыс айы (12-ай), 5 тоғыс айы (13-ай), 3 тоғыс айы (14-ай).
Естеріңізде болса, өткендегі бірінші дәрісте «Тоғыс есебінде» қолданылатын астрономия ғылымында қабылданған 4 ай мөлшерін келтірген болатынмын. Әрбір «тоғыс айларының» арасындағы 2 күндік мөлшер қайдан шығып отыр?
5) 29,530589 күн – 27,321662 күн = 2,208927 күн.
Егер «Тоғыс есебіндегі» айларды қазіргідей – наурыз, көкек (сәуір – дұрыс емес), мамыр ... желтоқсан және т.т. деген атаулармен атасақ, «Тоғыс есебін» қолданған қазақтар түгілі, шайтанның өзі шатасып кететіні анық. Әлемдегі көптеген халықтар дәл осы себеппен «Тоғыс есебіне» ұқсас жұлдыздық-ай күнтізбелерін қолдана алмаған. Миларыңыз ауырып кетті білем, доғарайын...