Найти в Дзене
ИМАН ЖӘНЕ ЗАМАН

342-ші Қара пайым-сөз: Алтыншы дәріс: «Тоғыс есебінің» жаны, миы, жүрегі және аяқ-қолдары туралы

Әлемдегі барлық нәрсенің – жаны, миы, жүрегі және аяқ-қолдары болады. Тоғыс есебінің жаны – қазақ және түркі халықтары. Миы – Ай, жүрегі – Үркер, аяқ-қолдары – Ай мен Үркердің қозғалысынан туындайтын есептер. Тоғыс есебін түсіну үшін әуелі – Үркер (Плеяды, Pleiades) туралы жақсы білу керек. Көпшілік айтатындай – Үркер шоқжұлдыз емес, Торпақ шоқжұлдызының құрамындағы жұлдыз шоғыры (звездное скопление, star cluster). Түрлі әдебиеттерде қазақтың жалпақ тілімен Үркер көктемде – батыста көрінеді, жазда – көзден таса болады, жаздың ортасында – шығыста көрінеді деп жазылатындықтан, оқырман қауым Үркер аспанда «көшіп-қонып жүреді екен» деп ойлайды. Бірақ ақиқатында Үркер – Темірқазық және барлық қалған жұлдыздар сияқты қозғалмайтын аспан шырақтары. Гравитацияның күшімен аспанда қозғалып жүретін тек планеталар (мысалы – Жер) мен олардың серіктері (мысалы – Ай). Жер өз білігінен айналғанда, біздерге мығым тұрған аяғымыздың астындағы Жер емес, Үркер, Үшарқар-Таразы, Сүмбіле және т.б. сияқты жұлдыздар болып көрінеді. Ежелгі қазақтар да, басқа көптеген халықтар сияқты бұл аспан заңдылығын білмегендіктен – Ай да, Үркер де қозғалып жүреді деп ойлаған.Сіздерге түсінікті болуы үшін әрі қарай біз де Үркер «қозғалып жүреді» деп жазатын боламыз. Өйтпесем, Сіздерге «Тоғыс есебін» түсіндіру ешбір мүмкін болмайды.