«Тоғыс есебінің» ең алғашқы әліппесін әкем Әлісейіттен алған едім. Әкемнің басқа есепшілерден айырмашылығы, қалың қоңыр дәптеріне үнемі «Тоғыс есебіне» қатысты есеп-қисап жасап отыратын. Мысалы, қазақтың осы күнге дейінгі белгілі есепшілері «Тоғыс есебінің» жүйесі 28 күн × 13 ай = 364 күн болған деп айтқанмен, оның қалай жұмыс істейтінін, яғни, әр тоғыс айының басталу күндерін дәл көрсете алмайды. Ал әкем марқұм «Тоғыс есебінің» жүйесін 27,3 күн × 13 ай = 355-356 күн және 27,3 күн × 14 ай = 382-383 күн деп белгілеп, оның қалай жұмыс жасайтынын маған жақсылап түсіндіріп кетті. Мен осы есепті әрі қарай жалғастырып, дамытып, қазіргі кезде Сіздерге әрбір 27 және 28 күн сайын тоғыс айларының 1-ші күнін хабарлап отыратынымды көріп жүрсіздер. Қазіргі уақытта өзін академикпін деп атайтын Сайлыбай Бекболатов деген «братанымыз» 13 айлық күнтізбе (28 күн × 13 ай = 364 күн) ойлап таптым деп дес бермей жүр. Ақиқатында бұл күнтізбені ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бұрын ойлап тауып, оны «Жұлдыз есебі» күнтізбесі деп атағанын әлгі ағамыз өресі, жетесі жетіп түсіне алмай келеді. Әкем «Тоғыс есебі» дәл осы күйінде (27,3 күн × 13 ай = 355-356 күн және 27,3 күн × 14 ай = 382-383 күн) бірден пайда болмағанын, ол бірте-бірте жетіліп, дамығанын жиі айтатын. Ең баста «Үркер есебі» деп аталған 273 күндік (27,3 күн × 10 тоғыс айы = 273 күн ÷ 9 ай = 30,33 күн) күнтізбе болған. Сәл есептеп қарасаңыз 273 күн жылдың үш маусымына сәйкес келетінін байқайсыз: 273 күн ÷ 3 маусым = 91 күн. Ежелгі «Үркер есебін» одан әрі есептеп жетілдіру арқылы 3 жылға тең уақыт кезеңі (цикл) пайда болатынын көреміз:
273 күн × 4 жыл = 1092 күн ÷ 3 жыл = 364 күн ÷ 4 маусым = 91 күн ÷ 7 күн = 13 апта.
Қазақ есепшілері ойлап тапқан осы қарапайым теңдеу есебі арада мыңдаған жылдар өтсе де, әлі мүлтіксіз жұмыс жасап тұр. Бірақ бұл теңдеу жүйесі әлі «Тоғыс есебі» емес, тек алғышарты ғана.