Көтермелеп, әдейі әсірелеп айтып отыр деп ойламаңыздар, расында да «Тоғыс есебі» өзінің құрылысы мен алар маңызы бойынша әлемдегі жалғыз ерекше күнтізбе. Ежелгі айбынды көшпенділердің ұрпағы – бүгінгі қазақтар аумалы-төкпелі заманның салдарынан мәңгүрттіктің шырқау шегіне жетіп, қолдарына ұстап отырған алтынның қадірін білмей күндерін өткізуде. «Тоғыс есебінің» саф алтын туынды екенін осы дәрісті соңына дейін сабыр сақтап тыңдаған, үйренген қазақтар түсіне алады. Тоғыс есебі – Жерді айналып қозғалатын Айдың, Күнді айналып қозғалатын Жердің бірқалыпты жүрісін Үркер жұлдыз шоғырымен және Темірқазықпен «түзеп отыру» арқылы есептелетін күнтізбе. Көшпенділер қазіргі астрономия ғылымы анықтаған төрт уақыт мөлшерін (жұлдыздық ай, туар ай, жұлдыздық жыл, тропиктік жыл) ежелгі замандарда жуық түрде жобалап анықтап, Тоғыс есебін мәңгілік уақыттың осы төрт мөлшеріне негіздеген:
1) Үркер жұлдыз шоғырымен және Темірқазықпен «түзелген» Ай – Жерді орташа есеппен 27,321662 күнде (27 тәулік 7 сағат 43 минут 12 секунд) бір рет айналып шығады. Астрономия ғылымында бұл мөлшерді – жұлдыздық (сидерлік) ай деп атайды;
2) Қазіргі уақытта қолданылатын Исламдық Ай күнтізбесінде әрбір жаңа айдың басы «жіңішке Ай орағынан» басталып отыруы үшін Айдың – Жерді орташа есеппен 29,530589 күнде (29 тәулік 12 сағат 44 минут 3 секунд) бір рет айналып шығатын «жасанды» жүрісі арқылы есептеледі. Астрономия ғылымында бұл мөлшерді – туар (синодтық) ай деп атайды;
3) Үркер жұлдыз шоғырымен және Темірқазықпен «түзелген» Жер – Күнді орташа есеппен 365,25636 күнде (365 тәулік 6 сағат 9 минут 9,5 секунд) бір рет айналып шығады. Астрономия ғылымында бұл мөлшерді – жұлдыздық (сидерлік) жыл деп атайды;
4) Қазіргі уақытта қолданылатын Христиандық Күн күнтізбесінде орташа Күндік жыл мөлшері Жердің – Күнді орташа есеппен 365,2422 күнде (365 тәулік 5 сағат 48 минут 46 секунд) бір рет айналып шығатын «жасанды» жүрісі арқылы есептеледі. Астрономия ғылымында бұл мөлшерді – күндік (тропиктік) жыл деп атайды.
Миларыңыз шаршап, қарақұстарыңыз тартып отырғанын сезіп отырмын. Сол себепті қалған дәрісті келесі жазбамда жалғастырайын.