Бата – қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі. Бата, тілек ақ дастархан басында, түрлі тойларда, жақсылықтарда айтылады. Бүгінде сіздерге тәрбиелік мәні жоғары халқмыздың асыл қазынасының бірі бата туралы мәлімет беріп, үздік баталар топтамасын ұсынады.
Қысқа-нұсқа және жеңіл баталар мында
Бата арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі. Оның мағынасы – алғыс айту, ақ ниет, тілек білдіру. Ақсақалдар үйде бір жақсылық бола қалған жағдайда немесе сойылатын малға бата жасап, балаларға құлақ үлестіреді. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген, ізгі ықылас-игілікке деген тілектестік жатады. Қазақта батаны көбінесе келешегі алда жас өспірімдер сұрайды. Жақсылардың, көп жасағандардың, киелілердің, аузы дуалылардың батасын алуды жақсылыққа санап, ырымдайтындар ертеде осындай адамдарға алыста болса да арнайы жіберетін.
Ендігі бір түрі – қонағасына, сойылған соғым басына, жиналған егінге, күздікке, жауын жаумаса тасаттыққа, түрлі жақсылықтарға арналып жасалған той-томалақтарға, берілетін асқа, садақаға сойылатын малдарға берілетін бата. Мұнда батаны жас өспірімдер, балалардың сұрауы шарт емес, үлкендердің де сұрай беруіне болады.
Қазақта батаның түрі тым көп. Әр адам өз білгенін айтса болады. Бірі – «батыр бол» десе, бірі «бай бол», «ақылды бол», «ақ сақалды сары түсті шал бол», тағы бірі «бәледен сақта», -дейді.
Бата – негізінде намаздың соңына қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары сол дұғаның үлгісінде айтылатын түрлері. Оның бата берушіге байланысты ұзыны да, қысқасы да болады. Әрине, баталар да әр түрлі болады. Олардың қандай жағдайда қай түрі қолданылатынын аңғара білу керек. Олар – ел тірлігі, ұлттық намыс, азаматтық парыз, елдік тұтастық, берекелі бейбіт өмір, достық пен татулық, ағайынның адал көңіл ынтымағы мен бірлігі, жас отауға жақсылық, жорық-шерулерге аттанар сарбаздар мен сардарларға жеңіс тілеу, алыс жолға ат басын бұрғандарға сәттілік, өмір жолын жаңа бастаған өренге, жаңа туған нәрестеге ұзақ ғұмыр, өнегелі жол тілеу, мұсылмандық мұратына ұю, имандылық, әділеттілік, адалдық, елдік пен ерлік, дастархан берекесі. Ұзақ өмір, зор денсаулық, тыныштық, адамгершілік тағы басқалар жайында баталар түрін кездестіруге болады.
Жас түскен келінге бата беру
Отша лаула, сөнбегін,
Еш жамандық көрмегін.
Қосағыңмен қоса ағар,
Құтты болсын қадамың,
Келін болдың, қарағым.
Салтын ұста, ардақта,
Үлкен ата-бабаңның.
Ошақтан от кетпесін,
Үйіңнен көп кетпесін,
Адал болғын жарыңа,
Лаула, оттай, жалында!
Аумин!
Бата
Құдай жарылқасын,
Бай қылсын.
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын.
Әулие дарысын,
Әруақ жебесін!
Дастарханға береке берсін,
Ерге дәулет берсін.
Шыққанның есесін берсін,
Қалғанның берекесін берсін.
Кең пейіл берсін,
Ұзақ өмір берсін.
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін.
Мал берсе,
Қайырлы берекесімен берсін.
Бас берсе,
Азық-несімен берсін.